RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Аида Балаева ағза донорлығы туралы ашық мәлімдеме жасады

22.07.2026, 18:02 58

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева трансплантация мәселесіне арналған «4739» деректі фильмінің жабық көрсетілімінен кейін ағза донорлығы тақырыбына қатысты өз пікірін білдірді. Ол адам өмірін сақтап қалудағы әрбір шешімнің маңызын атап өтіп, донорлыққа қатысты жеке ұстанымын айтты, деп хабарлайды «24KZ».

 Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған жазбасында адам өмірі – ең жоғары құндылық екенін атап, трансплантация кезегінде тұрған мыңдаған адамның үмітіне назар аударды.

Бүгінде елімізде 4739 адам трансплантация кезегінде тұр. Бұл – 4739 үкілі үміт, елжіреген жүрек, жалтақтаған жанар. Олардың арасында 125 бала бар, – деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, Қазақстанда жасалатын трансплантациялардың басым бөлігі тірі туыстық донорлардың қатысуымен жүзеге асады. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді.

Премьер-министрдің орынбасары донор болу немесе болмау – әр адамның жеке таңдауы екенін айтып, бұл мәселені талқылауда екі тараптың да жағдайын түсіну маңызды екенін жеткізді.

Бір жағында – ағза күтіп, өмірден үмітін үзбей жүрген адамдар болса, екінші жағында – ең жақын адамынан айырылып, орны толмас қайғыны бастан кешіп жатқан отбасы тұр. Сондықтан бұл жерде ешқандай қысым да, айыптау да болмауы тиіс. Тек әр адамның таңдауы мен әр отбасының шешіміне деген құрмет болуы қажет, – деді Аида Балаева.

Министр бұл мәселеге қатысты жеке шешімін де айтты.

Ал енді өзіме келер болсам… Күндердің күнінде жақындарымның алдында дәл осындай таңдау тұрса, өмірге қайта оралғысы келетін адамдарға көмектесудің маңызын түсінгенін қалар едім. Мен ағзаларымды донорлыққа беруге келісім беретінімді жауапкершілікпен айтқым келеді, – деп жазды Аида Балаева.

Оның пікірінше, трансплантация тақырыбын қорқынышпен емес, түсіністікпен, жауапкершілікпен және адам өміріне деген құрметпен талқылау қажет.

«4739» деректі фильмі трансплантация күтіп жүрген адамдардың тағдыры, донорлықтың маңызы және адам өмірін сақтап қалу жолындағы күрделі шешімдер туралы баяндайды.

Фильмнің теленұсқасы 24 шілде күні сағат 19:30-да «24KZ» телеарнасынан көрсетіледі.

 

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz