Халықтың менталдық денсаулығы мемлекеттің жіті назарында.
Қазақстанда психикалық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформа басталды. 2027-2030 жылдарға арналған кешенді жоспар бүгін Үкімет басшысының орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Енді негізгі басымдық аурудың салдарын емдеуге емес, оның алдын алуға, психикалық денсаулыққа қатысты мәселелерді ерте анықтауға және адамға қажетті көмекті дер кезінде көрсетуге бағытталады. Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, бүгінде елімізде мамандандырылған көмекті 2 республикалық клиника, 20 өңірлік психикалық денсаулық орталығы, 98 бастапқы көмек көрсету орталығы және ауылдық жерлердегі 200-ден астам кабинет көрсетеді. Дегенмен жүргізілген талдау бұл жүйені одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсеткен. Жаңа кешенді жоспар аясында психикалық денсаулық мамандарын емханалар жұмысына тарту, ауруды ерте анықтау жүйесін дамыту және пациентке көрсетілетін медициналық көмекті цифрландыру көзделіп отыр. Сонымен қатар кадрлық әлеуетті күшейтіп, емдеу мекемелерінің инфрақұрылымын жаңарту жоспарланған. Тағы балалар мен жасөспірімдердің менталдық денсаулығына басымдық беріледі. Бұл бағытта мамандардың біліктілігін арттыру, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және психологиялық қолдау жүйесін күшейтуге ерекше көңіл бөлінбек. Министрліктер мен өңір әкімдіктерінің баяндамалары тыңдалғаннан кейін кешенді жоспар мақұлданды.
Тегтер #Психикалық денсаулық #өзгерістер #реформаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz