RU
Толық нұсқаға өту

«Самұрық-Қазына» ерте оңалтуды дамытып жатыр

22.07.2026, 21:13 51

Елде шала туған, неврологиялық және ортопедиялық даму бұзылыстары бар сәбилерді емдейтін мекемелер көбейді. 

Соның ішінде «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен «Қамқорлық» ерте араласу орталықтары жұмыс істеп тұр. Онда балаларға диагностикалық, абилитациялық және оңалту қызметтері көрсетіледі.

Астанадағы «Қамқорлық» ерте араласу орталығында жыл сайын шамамен 600 балаға көмек көрсетіледі. Заманауи диагностикалық жабдықтар даму ерекшеліктерін дер кезінде анықтауға және мүгедектіктің алдын алуға мүмкіндік береді. Мұнда невропатолог, реабилитолог, неонатолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, логопед, дефектолог және психолог бар. 

Гүлнәр Ахметова, қала тұрғыны:

- Дәрігер осында жібергеннен кейін баланың деңгейі көтерілді. Ұйқысы жақсы болды. Өзі ойнайды ойыншықтармен. Тілі шыққан жоқ, бірақ аяққа тұрып кетті. 

Бүгінде қор қолдауымен елдегі «Қамқорлық» ерте араласу орталықтарының қатары 20-ға жетті. Барлығы тегін қызмет көрсетеді. Бұл әр өңірдегі отбасылар үшін тұрғылықты жері бойынша жүйелі көмек алуға және оңалтуды уақтылы жүргізуге қолайлы.

Дина Тәжібаева, «Қамқорлық» ерте араласу орталығының меңгерушісі:

- Орталықта мүгедектік мәртебесі талап етілмейді. Баланың медициналық көрсетілімі болса жеткілікті. Тұрғылықты мекенжайы бойынша емхана дәрігерінің жолдамасы бар балаларды қабылдаймыз. Үш жасқа дейінгі баланың миы өте икемді, сондықтан оңалту оңайырақ болады. 

Қордың бірыңғай қайырымдылық операторы – Samruk-Kazyna Trust арқылы кейінгі 10 жылда 400-ден астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Өңірлер мен ірі қалаларда 275 әлеуметтік нысан ашылды. Атап айтқанда, оңалту орталықтары, инклюзияны қолдау кабинеттері, спорт кешендері, креативті хабтар, сондай-ақ музей, кітапхана мен көпфункционалды ойын алаңдары бар.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ержан Рахманбердиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz