RU
Толық нұсқаға өту

Абай облысында жаңа комбинаттың құрылысы басталды

22.07.2026, 22:55 37

Абай облысында елдегі ең ірі тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды. 

Аягөз ауданында жобамен Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев танысты. Өңірге жасаған сапар аясында вице-премьер бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап көрді. 

Тау-кен байыту комбинаты іске қосылған жағдайда жылына 75 миллион тоннаға дейін кен өңделіп, мыс пен молибден концентраты өндіріледі. Кәсіпорын өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді. 

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- «Айдарлы Майнинг» жобасы еліміздің металлургия кешенін одан әрі дамытуға, өңірдің дамуына жаңа серпін беруге және инвестиция тартуға өз үлесін қосады деп сенеміз. Осы орайда Қазақстандағы ең ірі тау-кен металлургия жобаларының бірін Абай облысында жүзеге асырып жатқан Эдуард Викторович Огайға барлық әріптестеріміз бен жерлестеріміздің атынан ризашылығымды білдіремін.

137 млн түп ағаш егіледі

«Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватында 2016 жылы өртенген орман алқаптарын қысқа мерзімде қалпына келтіретін кешен іске қосылған. Мұнда орман көшеттері жабық тамыр жүйесімен өсіріледі. Резерват мамандары вице-премьерге 2027 жылға дейін 137 миллион түп ағаш егуді жоспарлағандарын айтты. 

Диас Жұмабеков, «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты бас директорының орынбасары:

- Біз қарағайдың жабық тамыр жүйесі бар көшеттері өсірілетін орман тұқымбағы кешенінде тұрмыз. Мұнда үш жылыжай жұмыс істейді. Көшеттер жылына екі айналыммен өсіріледі. Әрқайсысында 500 мың түп қарағай көшеті дайындалады.

700-ден астам отбасы баспаналы болады

Ал Семейдегі жаңа Қарағайлы ықшам ауданында көпқабатты 13 үй салынып жатыр. Баспана құрылысы аяқталған соң 700-ден астам отбасы қоныс тойын тойлайды. Пәтерлер әлеуметтік осал топтағы, көпбалалы отбасылар мен кезекте тұрғандарға табысталады.

Ерсін Кенжебекұлы, Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары аяқталу барысында. Яғни көріп тұрғандарыңыздай қасбет және ішкі инженерлік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін Президентіміздің тапсырмасына сәйкес осал топтағы, кезекте тұрған азаматтарға ұсынылатын болады. 

Жылу желілерінің тозу деңгейі төмендейді

Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары барысында Семейдегі жылу орталығының дайындығын бағамдады. Облыс бойынша 13,6 миллиард теңгеге 26 жоба жүзеге асырылып, жылу желілерінің тозу деңгейі айтарлықтай төмендемек. 

Арман Тоқпақов, Энергетика басқармасы басшысының орынбасары:

- Облыс аймағы бойынша 408 шақырым жылу желілері бар. Соның 55,6 пайызы қазір күрделі жағдайда. Соған сәйкес қазір жұмыстар атқарылып жатыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 52 пайызға төмендету көзделген.

Көпірдің құрылысы қарқын алды

Сонымен қатар вице-премьер Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ертіс өзені арқылы салынып жатқан жаңа көпірде болды. Қазір өткелдің құрылысы 70 пайызы аяқталған. Үкімет басшысының бірінші орынбасары нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды. Сондай-ақ Семей теміржол вокзалын реконструкциялау барысын көрді. Жоба аяқталғаннан кейін вокзалдың аумағы кеңейіп, жолаушыларға қолайлы жаңа инфрақұрылым пайдалануға беріледі.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz