RU
Толық нұсқаға өту

Әуежайлар туризмнің дамуына серпін береді

23.07.2026, 07:49 59

Катон-Қарағай мен Зайсандағы әуежай құрылысы маңызды кезеңге жетті.

Терминалдар мен ұшу-қону жолақтары салынып, байланыс жүйелері орнатылып жатыр.

Катон-Қарағай әуежайы желтоқсан айында қолданысқа беріледі. Зайсандағы нысанның құрылысы да 80 пайызға аяқталды. Қазір жұмысшылар бірнеше ауысыммен, күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Катон-Қарағай ауданындағы жаңа әуежайдың ұшу-қону жолағы дайын. Ұзындығы 2 шақырымнан асатын, ені 35 метр жолақ ірі ұшақтарды да қабылдауға мүмкіндік береді. Ішкі рейстермен қатар Қытайдан келетін халықаралық әуе қатынасы да жолға қойылмақ.

Нұржан Ескендіров, Қатон-Қарағай ауданындағы әуежай құрылысы жобасының жетекшісі:

- Терминал ғимараты салынып жатыр. Қазір жабдықтар мен материалдардың жеткізілуін күтіп отырмыз. Келген бойда бірден монтаждалады. Жер бедері күрделі болғандықтан жобада 3 шақырымдық тіреу қабырға құрылысын қарастырдық.

Таулы жер бедеріне байланысты мұндағы жер жұмыстары күрделі. Құрылысты желтоқсанға дейін толық аяқтау міндеттелген. Сондықтан жұмысшылар бірнеше ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Зайсандағы әуежай сынақтан өтуге дайын болғанымен ашылу уақыты бойынша кестеден кешігіп жатыр. Өңірлік туризм кеңесінің төрағасы Сымбат Рамазановтың айтуынша, әуежайлармен қатар ірі қонақүй кешендерін салып, жолдардың сапасын жақсарту керек. Былтырдың өзінде Катон-Қарағай ауданына 200 мыңнан астам турист келген. Әуе қатынасы ашылғаннан кейін бұл көрсеткіш артады, дейді ол.

Сымбат Рамазанов, туризм кеңесінің төрағасы:

- Әрбір ауданда алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізу керек деп ойлаймын. Өйткені аэропорттың тек өзін ғана салу - бұл басты мақсат емес. Ол жерде үлкен комплекстік жұмыс тұр. Өйткені бұл жерде такси қызметі бар, жатар орын бар, қонақ үйлердің қызметі бар. Сондықтан бұлардың барлығы аэропорттың аясында үлкен қызмет атқарып, жұмыс жасауы керек. 

Катон-Қарағайда сауықтыру кешені мен оған жақын маңдағы туристік ауылдың ашылуы да қызмет көрсету сапасын арттырмақ. Бұл жобаларға 15 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған. Катон-Қарағай мен Зайсанға әуе қатынасы ашылса, жол жүру уақыты кемінде 4 сағатқа қысқарады. Сарапшылар қазірдің өзінде туристер саны артады деген болжам жасап отыр.

Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz