Каспий жағалауында кеме құрастыру верфі салынады. Инвестициялық жобаға 125 миллиард теңге жұмсалады.
Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Олжас Бектенов Транскаспий халықаралық көлік бағытын және өңірдің инфрақұрылымын дамыту бағытындағы өзге де жобалармен танысты.
Премьер-министрдің жұмыс сапары өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру бағытында атқарылған жұмыс көрсеткіштерімен танысудан басталды. Олжас Бектеновке Каспий айдынына шығу мүмкіндігі мен заманауи порт инфрақұрылымының арқасында соңғы 3 жылда елдің теңіз айлақтары арқылы контейнерлік транзит көлемінің 3,8 есеге артып, 42 мың жиырма футтық эквивалентке жеткені баяндалды.
Елдің теңіз қақпасы саналатын Маңғыстау облысы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуда ерекше маңызға ие. Қазақстанның логистикалық әлеуетін бағамдап, бірлескен кәсіпорын құруға ниетті инвесторлар жылдан жылға артып келеді. Соның бірі - теңіз жағасында кеме құрастыру верфін салу жобасы. Оған 125 млрд теңге инвестиция жұмсалады.
Хусейн Арслан, YDA Group директорлар кеңесінің төрағасы:
- Кәсіпорын азаматтық және арнайы кемелерді жобалап, құрастырумен айналысады. Техникалық қызмет көрсету және күрделі жөндеуге дейінгі өндірістің толық циклін қолға аламыз. Жылына 8 кеме мен экипажсыз суүсті аппараттарын жасап, 24 су көлігін жөндеу көзделген. Нысан пайдалануға берілген соң 1,5 мың жұмыс орны ашылады. Жоба аясында қазақстандық мамандарды даярлауға арналған оқу орталығы құрылады.
Әуежайда авиациялық хаб құрылады
Үкімет басшысына Ақтау әуежайы базасында мультимодальды логистикалық және авиациялық хаб құру жобасы таныстырылды. Кешенде жыл сайын 200-ден астам әуе кемесіне техникалық қызмет көрсетілмек. Жоба аясында 3,5 мың жұмыс орны құрылады. Олжас Бектеновке Құрық портында көпфункционалды терминалдың бірінші кезеңін салу жоспары баяндалды. Жоба Президенттің жуырда Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында қол жеткізілген келісімдер аясында жүзеге асады.
Юй Боян, «Guoyou Materials Group» директорлар кеңесінің төрағасы:
- Президент Тоқаев Қытайға сапары кезінде бізбен кездесу өткізді. Еуразиялық байланыстырушы хабқа айналатын Қазақстанда жаңа порт салу жобасын мақұлдап, ресми құжатқа қол қойылды. 470 млрд теңге инвестиция салынатын жоба аясында автоматтандырылған контейнерлік терминал, ұлттық желіге қосылған теміржол желісін салу, контейнерлік кемелер мен паромдарды жеткізу көзделген. Құрылыстың бірінші кезеңінен соң терминалдың өткізу қабілеті жылына 15 млн тонна болады. Екінші кезеңі 2029-2031 жылдары жүзеге асады. Нысанның қуаттылығы жылына 25 млн тоннаға дейін жетеді. 800-дей жұмыс орны құрылады.
Жылу тапшылығы жойылады
Премьер-министр Ақтауды жылумен жабдықтау тапшылығын жою жөніндегі жобалармен де танысты. Тұрғын саны қарқынды өсіп келе жатқан шаһарда жылуға сұраныс жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты қуаты 160 МВт болатын газтурбиналық электр станциясы салынып жатыр. Жоба Мемлекет басшысының МАЭК энергетикалық кешенін жаңғырту жоспарын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасы бойынша жүзеге асуда.
Гэ Личунь, «АЭК» ЖШС Бас директоры:
- Экологиялық таза әрі тиімділігі жоғары заманауи жоба Маңғыстау мен елдің батыс өңірін энергиямен жабдықтау және энергия өндіру қуатын арттыруды көздейді. Осы мақсатқа 210 млн доллар көлемінде инвестиция жұмсалады. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстарының 30%-ы аяқталды. Станцияны 2027 жылдың маусым айында іске қосып, 300-ге жуық жұмыс орны құру жоспарланған.
«МАЭК» - Маңғыстауды электр, жылу және сумен жабдықтап отырған стратегиялық нысан. Ақтауды жылумен қамтуда негізгі жүктемені осы кәсіпорын көтереді.
Мекеменің жылу өндіру қуаты сағатына 500 Гкал. Ал, қаланың сұранысы одан біршама көп. Мәселені шешудің бір жолы-энергокомбинат базасында орталық қазандық салу, - дейді мамандар.
Битум өндірісі артты
Қуаттылығы 500 МВттық, сағатына 560 Гкал жылу өндіруге жоспарланған жоба МАЭК-тің ескірген энергия блоктарын ауыстырып, кәсіпорынның тұщы су өндіру қуатын арттыруды көздейді. Олжас Бектенов барған келесі нысан - «Caspi Bitum». Соңғы жылдары Президенттің шикізатты терең өңдеуді дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес зауытты жаңғырту аясында қуаты жылына 500-ден 750 мың тоннаға дейін ұлғайды.
Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:
- Бұл модернизация бойынша тәулігіне 1800 тонна мұнай битумын өндіріп жатырмыз. Мұнай Қаражанбас кен орнынан келіп жатыр. Бұл арнайы уникалды зауыт деп айтуға болады. Модификацияланған битум шығарылады. Бұдан басқа «фасованный» деп айтып жатырмыз, оны қысы-жазы биг-бэгтармен сақтап, арнайы пештерде жылытып асфальт-бетон зауыттарға беруге болады.
Премьер-министр аралап көрген жобаларды жоспарлы мерзімінде жүзеге асыру бойынша жауапты мамандарға бірқатар тапсырма берді. Олжас Бектенов бастаған Үкімет делегациясының өңірге жұмыс сапары ертең де жалғасады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Каспий #кеме верфі #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz