Кейінгі 10 жылда жазатайым оқиғалардан болатын өлім-жітім шамамен екі есе азайды. Ал жол апатынан қаза тапқандар саны соңғы үш жылда 14 пайызға төмендеген.
Алайда жарақаттың алдын алу мәселесі әлі өзекті. Осы ретте Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Елде қазір 260 медициналық ұйым, 41 трассалық медициналық-құтқару пункті және 8 тірек пункті жұмыс істейді. Бірақ талдау қорытындысы инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетті. Енді барлық өңірде травматологиялық орталықтар құру жоспарланып отыр. Биыл мұндай нысандар Астана, Алматы, Қарағанды және Балқаш қалаларында ашылды. Олардың бірыңғай желісін қалыптастыру 2027 жылға дейін аяқталады.
Медициналық ұйымдардың қабылдау бөлімдерін жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Елде 210 шокқа қарсы кабинетті ауыр жарақат алған науқастарға, шұғыл көмек көрсетуге қажетті заманауи жабдықтармен жарақтандырылған Trauma room форматында қайта жабдықтау басталды. Медицина қызметкерлері "ЭЙ ТИ ЭЛ ЭС" халықаралық бағдарламасы бойынша даярлықтан өтеді. Бұл жарақаттарды анықтау мен емдеудің заманауи тәсілдерін қолдануға мүмкіндік береді. Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін трассалық медициналық-құтқару пункттерін орналастыру тәртібін қайта қарау, автомобиль жолдарының апат қаупі жоғары учаскелерінде 69 жаңа тірек пунктін ашу, сондай-ақ туристік аймақтарда, халық көп демалатын орындарда және ұйымдастырылған жағажайларда 60 маусымдық модульдік медициналық пункт орнату ұсынылды. Аталған шараларды іске асыру, медициналық қызметтердің оқиға орнына жету уақытын қысқартып, зардап шеккендерді «алтын сағат» аралығында құтқару мүмкіндігін арттырады. Алғашқы көмек көрсету жүйесін дамыту мәселесіне де жеке назар аударылды.
Ішкі істер вице-министрі жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытында, қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Ол интеллектуалды бақылау жүйелерін енгізу, жол инфрақұрылымын дамыту және жүргізушілерді даярлау сапасын жетілдіру жөніндегі жұмыстарға тоқталды. Аида Балаева оларды іске асыруды кейінге қалдыруға болмайтынын атап өтіп, қысқа мерзімде ведомствоаралық іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ алғашқы шұғыл көмектің қолжетімді болуын міндеттеді. Одан бөлек, салауатты өмір салтын қалыптастыру жайы қаралды. Азық-түлік өнімдерін міндетті таңбалау, темекі және алкоголь өнімдерін интернет арқылы сатуды реттеу сынды мәселелер сөз болды. Өңірлердегі профилактикалық жұмыстың тиімділігі де назардан тыс қалмады. Биыл 9 ұлттық профилактикалық бағдарлама өтіп, 1,7 миллион адам қамтылған. Алайда бұл жеткіліксіз. Осы ретте Премьер-министрдің орынбасары әкімдіктерге салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңестерін құруды тапсырды. Сонымен қатар шұғыл ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының онкүндігін бастауды міндеттеді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #медицина #өлімжітімPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz