Батыс Қазақстан облысында сегіз білім ордасының құрылысы жүріп жатыр.
Шағын жинақты мектептер әлеуметтік жобаларға бөлінген қаржы және жеке инвесторлар есебінен бой көтереді. Осы арқылы өңірдегі сегіз апатты мектеп санын беске дейін азайту көзделген.
Кеңсуат – Ақжайық ауданына қарасты шағын ауыл. Мұндағы 400-ге жуық тұрғынның 71-і мектеп жасындағы балалар. Бұрынғы білім ордасы әбден тозғандықтан былтыр жаңа ғимараттың қадасы қағылды. Құрылыс жаңа оқу жылына қарай аяқталмақ. Мектеп ұжымы сол күнді асыға күтеді.
Шолпан Ихсанова, мектеп директоры:
- Әрине, ол ауыл үшін үлкен қуаныш. Мектеп құрылысының аяқталатын асыға күтіп жүрміз. Енді жаңа оқу жылын 1 қыркүйекте жаңа ғимаратта бастаймыз деп ойлаймыз. Бұрынғы ғимарат ескірген, тозған. Едендеріміз желінген, қабырғаларымыз сөгіліп жатыр. Енді жылда өзіміз ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп мүмкіндігімізше ұстап келе жатырмыз.
Айнабұлақ ауылының жұртшылығы да ұл-қыздарының жаңа мектепте білім алар күнін тағатсыздана тосады. Ауылдағы 1960 жылдары салынған ескі мектеп төрт жыл бұрын апатты деп танылды. Қазір жаңа ғимараттың құрылысы 85%-ға атқарылған. 60 орындық ғимаратты салуға 1,5 млрд теңге жұмсалды.
Жанболат Сепитанов, учаске басшысы:
- Қазіргі уақытта ішкі жұмыстары және сыртқы абаттандыру жұмыстары қалды. Біздің жоспарымыз бойынша тамыз айының аяқ жақтарында, екінші жартысында тапсырамыз дейтін ойымыз бар. Осы жерде құрылыс барысын қадағалаушылар технадзорлар және технадзордың жанынан өзінің техникалық қауіпсіздік өзінің мамандары бар келіп тексеріп қадағалап тұрады.
Күні бүгін өңірде шағын жинақты сегіз мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның төртеуі жоспар бойынша Білім күні қарсаңында қолданысқа беріледі. Осы оқу орындарының салынуымен өңірде апатты мектептер саны 8-ден 5-ке дейін азаяды.
Дамир Ғалиев, БҚО Білім басқармасының бас маманы:
- Күні бүгін өңірімізде сегіз апатты және жеті үш ауысымда оқытатын мектеп бар. Апатты ғимараттардың бәрі алыс елді мекендердегі шағын жинақты мектеп. Ал бала сыймай жатқан білім ордалары негізінен Оралда және облыс орталығына жақын ірі елді мекендерде орналасқан. Осы проблеманы шешу жолында жұмыс істеліп жатыр. Мына 8 мектеп тапсырылған соң 5 апатты мектеп қалады. Ол мектептердің құрылысын 2027 жылы бастаймыз.
Соңғы үш жылда Орал өңірінде түрлі қаржы көздерінен 30 білім ордасы бой көтерген.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов
Тегтер #БҚО #апатты #мектептер #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz