Шығыс Қазақстан облысында көлік пен коммуналдық инфрақұрылым түбегейлі қайта жаңарады.
Өңірдегі туристік аймақтар – Катон-Қарағай ауданы мен Зайсанда Президенттің тапсырмасы бойынша әуежай салынып жатыр. Ал Өскеменде заманауи теміржол вокзалы мен қаланың сол жағалауында көлік ағынын реттейтін жолайрық ел игілігіне беріледі. Риддер қаласындағы жылу-электр орталығын жаңғырту жобасы да аяқталуға жақын. Өңірге барған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев осы жобалардың жұмысы барысымен танысты.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Өскеменде теміржол вокзалының құрылысымен танысты. Мұнда 1938 жылғы ескі ғимарат толық сүріліп, орнына еңселі жаңасы салынды. Нысан тамыз айында пайдалануға беріледі.
Берік Тойбаев, құрылыс учаскесінің басшысы:
- Бүгінгі күнге 84 пайыз дайын. 16 маусымда басталған. Осы обьектіні тамыздың аяғына дейін тапсыруға тырысамыз.
Нұрлыбек Нәлібаев құрылысшыларға жұмысты ширатуды тапсырды. Себебі темір жол байланысы елдегі ең сұранысқа ие көлік түрі. Биыл ел бойынша 9 миллионнан астам жолаушы темір жолмен қатынаған. Президенттің тапсырмасы бойынша қазір елде 124 вокзал қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Мұндай көлемде вокзалдар қайта жаңғыртудан өткен, жаңадан салынған жоқ. Мемлекет басшысының көмегімен қазір 124 вокзал бізде қайта жаңғыртылып жатыр, оның ішінде оншақтысы жаңадан салынып жатыр. Бұл өте жақсы. Өйткені халық көбіне теміржолмен жүреді.
Өскеменде автокөлік инфрақұрылымы да жаңартылуда. Қалада 120 мыңнан астам көлік бар. Ертіс өзеніндегі көпір арқылы өтетін жолда көлік кептелісін азайту үшін бірнеше деңгейлі жолайрық салынып жатыр.
Алмат Ақышов, Өскемен қаласының әкімі:
- Қала қазір географиялық түрде екіге бөлінген. Оң жағалау және сол жағалау. Қазіргі статистикаға қарасақ Ертістің сол жағалауында 180 мыңға жуық адам тұрады екен. Олар әрі-бері алмасып жатады. Кейбірі оң жағалауда жұмыс істейді, кейбірі бала-шағасын оң жағалаудағы мектепке әкеледі. Қазіргі ситуацияны ескере отырып және алдын ала жоспар бойынша бұл жолайрығы біту керек.
Былтыр шығыста 150 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс көлемін әлі де арттыру қажеттігін атап өтті. Қазір Өскемендегі жаңадан салынған ғимараттарға қажетті инфрақұрылым тарту жұмыстары жүріп жатыр. Жауапты мамандар тұрғын үй құрылысының қарқынын еселеуге жылудың тапшылығы қолбайлау болып отырғанын айтады. Сондықтан №2 қазандықты жаңғырту туралы шешім қабылданды, ол Өскеменнің сол жағалауындағы жаңа шағынаудандарды жылумен қамтамасыз етеді.
Ренат Оразбаев, "Шығыс жылу" АҚ Бас директоры:
- Номері 2-қазандықты жаңғырту нәтижесінде кәсіпорынның қуаты анағұрлым артады. Қосымша 100 гигакалория жылу өндіреміз. Яғни, мыңдаған абонентті жылумен қамтуға болады.
Шығысты күн ерте суытады. Сондықтан Нұрлыбек Нәлібаев жылу беру маусымына әзірлік жұмыстарын қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды. Қазір Өскемендегі екі ЖЭО-ның дайындығы орташа есеппен 55 проценттен асты. Ал Риддерде бұл көрсеткіш 58 пайыз. Қазір мұнда қазандықтар жөнделіп, бірнеше шақырым жылу желісі ауыстырылып жатыр. Бұл жұмыстарға Үкімет резервінен 2 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Риддерде сондай-ақ "Казцинк" тау-кен байыту кешенінің металлургтерімен кездесті. Кәсіпорында тәулігіне 2 тоннадан астам кен өндіріледі. Болашақта 6 млн тонна қоры бар Обручев кен орнын игеру жоспарланған. Нұрлыбек Нәлібаев одан әрі өңірдің туристік нысандарын аралап, Катонқарағай ауданында салынып жатқан әуежайға барды. Сапар соңында "Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катон-Қарағай" бағытындағы республикалық маңызы бар жолды жөндеу жұмыстарымен танысты.
Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин
Тегтер #ШҚО #инфрақұрылым #көлік #24KZ #Президент тапсырмасыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz