RU
Толық нұсқаға өту

Құрылтай сайлауы: партиялар өңірлерді аралап, сайлауалды бағдарламасымен таныстырды

24.07.2026, 21:45 42

Бүгін сайлауалды үгіт-насихат науқанының екінші күні.

Құрылтай сайлауына түсетін партиялар өңірлерді аралап, өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстыра бастады. Делегация кәсіпорындарға, өндіріс ошақтары мен еңбек ұжымдарына барып, кездесулер өткізіп жатыр.

Қазақстан халық партиясының мүшелері еңбек ұжымымен кездесті 

Қазақстан Халық партиясының ел бойынша 155 сайлауалды штабы жұмыс істейді. Үгіт-насихат жұмыстарына мыңнан астам волонтер мен партия белсендісі тартылған. Бүгін республикалық сайлауалды штаб мүшелері мен Құрылтай депутаттығына үміткерлер Павлодардағы шыны бұйымдарын өндіретін кәсіпорында еңбек ұжымымен кездесті. Мұнда 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Кәсіпорын өнімі Қазақстанның көптеген өңіріне жөнелтіледі. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Зауыт жұмысшылары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Оларды негізінен қолжетімді баспана, сапалы медициналық қызмет пен еңбек қауіпсіздігі мәселелері қызықтырды. Партия өкілдері қойылған сұрақтарға жауап берді.

Бейбіт Құсайынов, ҚХП Төрағасының орынбасары:

- Жұмысшылармен кездесіп, оларға біздің саяси бағдарламамыздың 19 тарабы бар деп айттық оларға. Ең бастысы, біздің еңбекқор азаматтарымыз саяси бағдарламамыздың ортасында тұр деп айттық. Ой-пікірін білдірді жұмысшылар. Ол пікірлердің арасында біздің құқықтарымыз қалай қорғалады ертең сіздер мысалы Құрылтайға кірсеңіздер. Оны да түсіндіріп айтып бердік.

"Ақ Жол" партиясының өкілдері кәсіпорын ұжымымен кездесті

Елімізде сайлау алды үгіт-насихат науқаны қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, "Ақ жол" партиясының өкілдері Қарағанды қаласындағы Еуразиялық Фудс кәсіпорынының қызметкерлерімен кездесті. Жиын барысында “Ақжолдықтар” өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы тың идеяларымен бөлісіп, партияның негізгі ұстанымын түсіндірді. Айта кетейік, "Ақ жол" партиясы Құрылтай сайлауына 63 адамды ұсынды. Оның үшеуі Қарағанды облысынан.

Артур Кинсфатер, "Ақ Жол" партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары:

- Біздің партия – шағын және орта бизнестің мүддесін қорғайтын саяси ұйым. Кәсіпкерлер біздің партияның дамуына қолдау көрсетсе, біз өз кезегімізде олардың дамуына жан-жақты қолдау білдіріп, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға күш саламыз. Бұл біздің басты қағидаттарымыздың бірі.

"Әділет" партиясы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді

АСТАНА, АЛМАТЫ, ПАВЛОДАР, ҚАРАҒАНДЫ 

"Әділет" партиясының мобильді керуендері еліміздің түкпір-түкпіріне жол тартты. Партия мүшелері сайлауалды науқан аясында 100-ден астам қала, аудан орталықтары мен ауылды араламақ. Олар Астанадан Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарына аттанды. 

Ал Алматыда 1 мың адам танымал спортшылармен бірге таңғы жаттығу жасады. Спорттық іс-шара "Сұңқар" халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінде өтті.

Сондай-ақ Павлодарда саяси бірлестіктің трамвайы жолға шықты. Партия өкілдері Павлодар қаласының трамвай басқармасының қызметкерлерімен арнайы кездесті. Партия белсенділері үгіт-насихат материалдарын ілуге кірісті. Оған 8 мыңнан астам жас үлес қоспақ.

Мәселен, Қарағанды облысында 400-ден астам жас жұмысқа белсене кірісті. Тараздағы штабтарда да 400-ге жуық ерікті жұмылдырылды. Түркістан облысында да партия өкілдерінің қатысуымен үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.

АСТАНА

Ержан  Хамитов, "Жастар рухы" жастар қанаты төрағасының орынбасары:

- 20 мегаполис және 17 облыстағы 8000 астам "ӘДІЛЕТ" партиясының жастары үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Барлық аймақтарда, аудандарда, ауылдарда біздің белсенділеріміз партияның бағдарламасын түсіндіріп, сонымен қатар арнайы дайындалған арнайы үгіт материалдарын таратуды қолға алып жатыр. Бұл жүйелі түрдегі жұмыс алдағы бір ай бойы жалғасатын болады. 

"Байтақ" партиясы экомарафон өткізді

"Байтақ" партиясы Құрылтай депутаттары сайлауына арналған үгіт-насихат науқанын экологиялық марафонмен бастады. Іс-шара елордадағы Триатлон саябағында өтті. Марафонға 200-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында партия мүшелері, кандидаттар мен белсенділер бар. Қатысушылар 2,5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті. Жасылдар партиясының сайлауалды бағдарламасында таза ауа мен су, азаматтардың денсаулығы, азық-түлік қауіпсіздігі, өңірлердің тұрақты дамуы және "жасыл" экономика арқылы жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері қамтылған. Саяси бәсекеге "Байтақ" жасылдар партиясы 47 кандидат ұсынған.

Азаматхан Әміртаев, "Байтақ" партиясының төрағасы:

- Бақытты болу үшін бірінші денсаулық керек. Сол себепті салауатты өмір сүру салтын біздің Байтақ дәріптейді. Әрбір азамат таңда жүгіріп, арнайы спортпен айналысса оның денсаулығы жақсы болады. Екіншіден, біз осы таңғы жүгіру акциясын өзіміздің ұлттық домбырамен сүйемелдедік.  

"Ауыл" партиясының мүшелері дәрігерлермен кездесті

"Ауыл" партиясы сайлауалды үгіт-насихаты науқанында дәрігерлермен кездесті. Іс-шара барысында партия өкілдері денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауылдардағы инфрақұрылымды жақсарту, аймақтардағы мектептердің сапасын арттыру, кадр даярлау, ауыл кәсіркерлігін және ғылымды қолдау жайы көтерілді. Жалпы партия Құрылтай депутаттарының сайлауына 69 кандидат ұсынып отыр. Үміткерлердің басым бөлігі 35 пен 55 жастағы азаматтар.

Ахметбек Қоңырбаев, "Ауыл" партиясы Алматы қаласы бойынша төрағасы:

«Ауыл» партиясының атынан осы алдағы болатын Құрылтайға 69 үміткер бекітілді. Біздің 28 сьезде бекітілді. Орталық Сайлау комиссиясында бекітіліп, бізге куәліктер берілді. Негізгі ақ халаттарды жандарды жастар екен. “Ауыл” партиясының жеті бағдарламасын түсіндірдік. Олардан сұрақ болды. Сұрақтарына жауап бердік.  

Respublica партиясының сайлауалды штаб мүшелері Қарағанды облысына барды

Respublica партиясының сайлауалды штабы Қарағанды облысына барды. Делегация өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен өндіріс ошақтарын аралап, еңбек ұжымдары, кәсіпкерлер және аймақтың жалынды жастарымен кездесті. Штаб мүшелерінің Қарағандыдағы кездесуіне мыңнан астам адам қатысты. Онда партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, ауыл шаруашылығы, бизнес және жастар саясаты туралы өзекті мәселелер талқыланды. Кәсіпкерлер салық, отандық өндірісті қолдау мәселесін көтерсе, жер емген шаруалар тұқым шаруашылығын дамыту жайында ойларын жеткізді. Сондай-ақ жастармен өткен кездесуде креативті индустрияны қолдау, жасанды интеллект саласындағы стартаптарды дамыту және бірыңғай цифрлық жастар платформасын құру бастамалары сөз болды. Ал партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров науқанды сайлаушылармен ашық диалогта жүргізетінін атап өтті. 

Айдарбек Қожаназаров, Respublica партиясының төрағасы:

- Қарағанды ол шынайы еңбек адамдарының Отаны десек те болады. Сонау шахтерлардан бастап шаруаларға дейін осы жерде Қарағандыда кездесеміз. Еңбекпен тірлік жасап жатқан адамдардың қолдауын алу біз үшін өте маңызды. Келесі қала Өскемен, Семей, Павлодар қаласы, бүкіл өңірлі келесі 20 күнде қамтуға тырысамыз.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz