Жамбыл облысында ауқымды Ақыртөбе жерасты газ сақтау қоймасында апаттың алдын алуға арналған оқу-жаттығу өтті.
Стратегиялық нысанда төтенше жағдай кезіндегі әрекет пысықталып, мамандардың кәсіби дайындығы тексерілді. Сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсету мен өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдері көрсетілді.
Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, газ сақтау қоймасындағы ұңғымалардың бірінде апаттық жағдай тіркелді. Дабыл қағылып, құтқару қызметтері оқиға орнына жедел жетті. Жедел штаб құрылып, барлық құрылымдарға нақты міндеттер жүктелді. Оқу-жаттығуға 15 техника мен 80-ге жуық маман қатысты.
Абзал Қисметов, "QazaqGaz" ҰК" АҚ Басқарма төрағасының өндіріс бойынша орынбасары:
- Біздер мамандарды жыл сайын оқудан өткіземіз. Ол заңға сәйкес оқулар және қосысша оқулар. Осы жаттығудың басты мақсаты біздің әр жұмысшының жедел жәрдем көрсетіп, қауіпті нысананы жою жөнінде көрсетілетін қызметтерді уақытылы көрсету.
Газдан зардап шеккен қызметкерге жедел медициналық көмек көрсетілді. Ал арнайы жасақ өрт сөндірушілермен бірлесіп, апатты ұңғымадағы зақымданған құбырды қалпына келтірді. Мамандардың айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар жыл сайын ұйымдастырылады. Оның басты мақсаты – төтенше жағдайлардың алдын алып, қызметкерлердің іс-қимыл алгоритмін жетілдіру.
Олжас Тоқтасынов, "Интергаз Орталық Азия" АҚ Тараз магистральдық газ құбырлары басқармасы директорының бірінші орынбасары:
- Өндірістік персоналды ұңғымаларды кенеттен болған апат кезінде әрекет етуге дайындығын тексеру үшін практикалық жаттығу болып табылатын апатқа қарсы кешенді жаттығу. Ол апатты соның ішінде локализациялауды, апатты жою арнайы техниканы орналастыруды және шұғыл қызметтерді қатыстыра отырып жүзеге асырылады.
Ақыртөбе жерасты газ сақтау қоймасының сыйымдылығы – 300 миллион текше метр. Нысанның негізгі міндеті Жамбыл облысын тұрақты газбен қамтамасыз етіп, көгілдір отын тапшылығына жол бермеу. Жалпы елімізде осындай үш жерасты газ сақтау қоймасы жұмыс істейді.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә
Тегтер #Жамбыл облысы #оқу жаттығу #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz