Шымкенттегі Елтай тұрғын алабында таудан аққан сел бірнеше көше мен жеті үйдің ауласын шайып кеткен. Қазір табиғи апатқа тосқауыл болған негізгі каналдың жағалауын нығайтып, арнасын бетондауға дайындық басталды.
Асау судың арыны басылды. Елтай тұрғын алабында толассыз жауыннан кейін бірнеше көшені су шайып, жеті үйдің ауласына жайылды. Түн ішінде әбігерге түскен жұрт жыл сайын тасқыннан зардап шегетінін айтады. Абырой болғанда бұл жолы адамдар аман, шығын жоқ.
Жарылқап Түймебаев, Елтай тұрғын алабының тұрғыны:
- Үлкен-үлкен тастарды ағызып келді. Асфальтті де көтеріп жіберді. Оңай емес қой енді. Жауынның өзегі осы төңіректен өтіп жатыр ғой. Әр жылы әр түрлі. Бірақ жиі болып тұрады. Әйтеуір біздің үйімізге кірмеді. Адам шығыны жоқ. Шүкір соған да.
Сел қаупін сейілтуге жүзге тарта маман жұмылдырылды. Арнайы техникалардың көмегімен ауладағы суды тазалау жұмыстары жүргізіліп, ернеуінен асқан негізгі каналдың жағалауы нығайтылып жатыр. Осыдан кейін оның табаны тереңдетіліп, арнасы қайта бетондалмақ.
Қыр-сайдан аққан нөсер суы Елтайдағы басты көшені де шайып өтті. Қазір оқиға орнында коммуналдық қызметтердің мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Олар жолды лай-батпақтан тазартып, көлік қозғалысын қалпына келтіруге күш салуда.
Қалада гидротехникалық инфрақұрылымды жаңғырту арқылы қауіпсіздікті арттыруға көңіл бөлінді. Зерделеу нәтижесінен кейін Еңбекші ауданының өзінде 52 су көлдеу учаскесі анықталды. Қазір мұнда жаңадан ирригациялық жүйелер салу мен су ағысын бұру мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.
Досбек Есілбек, Еңбекші ауданының әкімі:
- Нөсер жаңбыр жауғанда көлдейтін 57 мекен-жай анықталған. 3 жылда осы 57 мекен-жайды толық ирригациялық арықтар салып, су көлдеу орындарын алдын-алу жұмыстары жүргізілді. Тағы зерделеудің нәтижесінде бізге қажетті 52 мекен жай анықталып отыр.
Тасқынның алдын алу шараларына Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері де жұмылдырылды. Құтқарушылар арық-атыздар мен каналдардың өткізу қабілетіне мониторинг жүргізіп, 11 учаскеде су басу қаупі жоғары екенін анықтады. Енді қауіп-қатерді жоюға арнайы ұсыныс берілетін болады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Шымкент #апат #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz