RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбеде жаңадан 26 саябақ салынады

25.07.2026, 10:30 47

Ақтөбеде қараусыз қалып, қоқыс үйілген жерлер қоғамдық демалыс орындарына айналып жатыр. Биыл облыс орталығында жаңадан 26 саябақ пен сквер салынады.

Олардың ішінде соттың үкімімен жекенің меншігінен қайтарылған жер телімдері де бар. Қаланы абаттандыру жұмыстарына кәсіпкерлер бел шеше кіріскен.

Тұрғындар қалашығы ауданындағы бұл жер бұрын үйсіздер мен ішімдікке салынған тұлғалардың мекені болатын. Зұлқожа Қожаев қаз қатар өскен тал-терегі бар саябақтың құлазып тұрғанына қарным ашатын дейді. Сондықтан кәсіпкер қала билігіне қолқа салып, абаттандыруға кіріскен.

Зұлқожа Қожаев, кәсіпкер:

- Бұл жерге жабайы талдар өсіп кеткен. Осы талдардың барлығын рұқсат алып, рұқсатымен жұлып, осындай «балықша» архитектурасын келтіріп, үш мың квадратқа жақын брусчатка кетті. Төрт мың квадрат газон егіліп жатыр.

Әсетолла Кубаев, қала тұрғыны:

- Бұрын тастанды болды. Жасыратыны жоқ, мына жерде ішімдік ішеді, отырады. Енді қазір ағаларымызға рахмет. Ашылғалы осында жүреміз. Кешке шығамыз. Серуендеп жүреміз. Қандай рахат? Кәдімгі парк болды.

Аумағы 1 гектардан асатын жаңа қоғамдық демалыс орны көпшіліктің көңілінен шыққан. Жақын маңдағы зейнеткерлер орталығы мүшелері белсенді жаттығу түрлерін саябақта өткізетін болды.

Римма Орынбаева, зейнеткер:

- Аэробика, йога өтеді. «Скандинавская ходьба» офисі мына жерде несімен келеді. Біразы осында өтеді. Бізде «Пожарскийдің» қасында осындай сквер ашылса жақсы болар еді.

Қоғамдық демалыс орындарының құрылысына биыл бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Себебі қараусыз қалған аумақтарды кәсіпкерлер абаттандыруға кіріскен. Мәселен, қалалық мәдениет үйі алаңын жолаушылар тасымалымен айналысатын мекеме қайта жаңғыртады.

Ұлан Өксікбаев, Жолаушылар тасымалдаушы компания басшысы:

- Бұл аудан қаламыздың тарихи ауданы. Адамдардың көп жүретін жері. Біздер бастағанда бұл жердің барлық жабдықтары ескірген еді. Соны жаңартып жатырмыз. Қазір «полив» жүргіземіз, брусчаткасы ауыстырылып жатыр, отырғыштары ауыстырылып, қоқыс жәшіктері орнатылып жатыр. Және де электр жарықтандырғыштары ауыстырылды.

Жалпы Ақтөбеде 70-тен астам сквер мен саябақ бар. Биыл облыс орталығында 26 жаңа қоғамдық демалыс орны салынып жатыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz