Балаларды вакциналау ісі ілгерлемей тұр. Елдегі көрсеткіш небәрі - 33 пайызды құрайды. Бұл Дүниеүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сай емес.
Бұлай жалғаса берсе, бүлдіршіндер арасында жұқпалы аурулар дендейді, - дейді медицина мамандары. Екпе салдыруға еріктілер қатарын көбейту үшін не істемек керек?
Биыл бюджеттен балаларды вакциналауға 39 млрд теңге бөлінді. Қаралған қаржы ел екпені тегін алу үшін жұмсалады. Дегенмен бұл іске келгенде еңжарлық танытатын тұрғындар көп. Әсіресе Алматы мен Атырау аймағының халқы құлықсыз. Айталық, бүгінде біздегі бүлдіршіндердің 33 пайызы ғана вакцина алған. Ал жұқпалы аурулар жайламасын десек, көрсеткіш кемінде 95 пайызға жетуі керек. Мамандар осылай дейді.
Нұршай Әзімбаева, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы иммунопрофилактика орталығының басшысы:
- Вакцинациямен қамту деңгейі ең төмен өңірлер бар. Олар – Атырау облысы мен Алматы қаласы. Бұл өңірлерде көрсеткіш небәрі 15–25 пайыз аралығында. Ұлттық иммундау бағдарламасын іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінеді. Биыл осы мақсатқа шамамен 39 миллиард теңге қарастырылған. Бұл халықтың профилактикалық екпелерді тегін алуына мүмкіндік береді.
Дегенмен ақ халаттылар қол қусырып отырған жоқ. Тұрғындарға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Ескертпені елеп, екпе алуға емханаға келгендердің бірі астаналық Салтанат Ағман. Бүгін баласына В гепатитіне қарсы вакцина алды.
Салтанат Ағман, Астана қаласының тұрғыны:
- Қазір мен үшімші қызыма келіп тұрмын. В гепатиті қарсы екпенің екіншісін алуға. Бұл баланың иммунитетін көтеруге, бірқалыпты жақсы, өзін жақсы сезінуге көмектеседі және балабақшада өзінің жақсы иммунитетін көтереді. Ешқандайда қорықпай екпені уақытылы алып тұрса, ешқандайда зияны жоқ деп ойлаймын. Бастысы баланың денсаулығы жақсы болып ешқандай ауырмай келсе болды, басқаша қорқынышты несі жоқ.
Ел бойынша көрсеткіште көшбастап келе жатқан медицина мекемелерінің бірі Астана қалалық №4 емханасы. Мұнда 2,5 мың астам бала тіркелген. Олардың 68 пайызы екпе алған екен. Орталықта иммундау жұмыстарын жүргізу үшін екі егу кабинеті, екі процедуралық мейіргер және вакцинадан кейінгі бақылау кабинеті халыққа қызмет көрсетіп тұр.
Айгүл Әбдірахманқызы, Астана қалалық №4 емханасының бөлім меңгерушісі:
- Бүгінгі таңда №4 емхана бойынша екпемен қамту 68 пайызды құрайды. Бұл өткен жылдарға қарағанда өте жақсы көрсеткіш болып табылады. Әрине, екпеден бастарту уақытша және тұрақты түрдегі медициналық көрсеткіште бастартулар болады. Осыған келетін болсақ, бұл жағдайлардың ушықпауына учаскелік дәрігерлер мен медбикелердің балалармен, ата-аналармен тығыз жұмыс жасауында.
Иә, екпеге ерікті елдің қатары көбеймей, жұқпалы аурулардың алдын алу қиын. Ұжымдық иммунитет қалыптасқанда ғана індет өршімейді.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Дінмұхамед Аманғазыұлы
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #екпе #медицинаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz