RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-да аптап ыстықта жүк көліктерінің қозғалысы шектелді

25.07.2026, 18:30 40

Батыс Қазақстан облысында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды.

Бұған өңірдегі аптап ыстық себеп. Жоғары температурада асфальт қатты қызып, балқиды. Мұндай кезде шамадан тыс жүк тиеген көліктер жол жабынына зақым келтіруі мүмкін. Сондықтан көлік инспекциясының мамандары жүк көліктеріне бақылауды күшейтті. Бір жарым айдың ішінде талапты сақтамаған тасымалдаушыларға 9 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Жаздыгүні аптап ыстықта асфальт 60 градусқа дейін қызады. Соның салдарынан жол жабындысы жұмсарып, ауыр жүк көліктерінің салмағына төтеп бере алмайды. Мамандардың айтуынша, шамадан тыс жүк тиеген техника жолды бүлдіреді. Ойық пен жарықша пайда болып, асфальт шөгуі де мүмкін.

Рафис Зинетов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» БҚО филиалының директоры:

- Жаз мезгілінде ауа температурасы 25 градустан жоғары болған кезде бір оське түсетін жүк салмағы 8 тоннадан аспауы керек. Себебі негізгі жолдардың барлығы стандартты битуммен төселген. Оның жұмсару температурасы шамамен 47 градус. Ауа температурасы 30 градусқа жеткенде жол жабыны 50-60 градусқа дейін қызады.

Бұл жол учаскесі – көлік қозғалысы ең көп бағыттардың бірі. Мұнда тәулігіне 3 мыңға жуық жүк көлігі өтеді. Сондықтан мамандар қозғалысы қарқынды трассаларда бақылауды күшейткен. Күн ыстығында жолға шыққан ауыр көліктер тоқтатылып, арнайы таразы арқылы салмағы тексеріледі.

Рахымберді Ашкеев, БҚО көліктік бақылау инспекциясының басшысы:

- 11:00-ден кешкі сағат 19:00-ге дейін инспекция қызметкерлеріміз осындай жұмыс атқарып жатыр. Бүгінгі күнге дейін 58 әкімшілік хаттама толтырылып, яғни 9 млн 39 мың теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар 16 автокөлік құралына жазғы уақытта шектеу қойылды.

Дархан Шыналиев, жүргізуші:

- Енді осындай ыстық күндері жүктің мөлшерін артық тиемейміз. Жүкті белгіленген нормаға сай тиейміз. Республикалық тас жолды бүлдірмеуге тырысамыз. Шебеньдің нормасы – 8 тонна. Осы мөлшерден артық тиеуге болмайды.

Мамандардың айтуынша, мұндай рейдтердің мақсаты – тек заң бұзушыларды анықтау емес, жолдардың сапасын сақтау. Өңірде жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінеді. Биыл республикалық және облыстық маңызы бар 272 шақырым жолды жаңарту жоспарланған. 

Авторлары: Мерей Бает, Альбина Құмарғалиева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz