RU
Толық нұсқаға өту

Парижде қалта ұрыларымен күресуші еріктілер

25.07.2026, 17:06 39

Парижде жыл сайын ондаған мың ұрлық тіркеледі. Қала билігінің мәліметінше, шаһар көшелерінде күніне шамамен 300 ұрлық жасалады. 

Ұры-қарылармен полиция ғана емес, қоғамдық тәртіпті өз еркімен қадағалайтын белсенділер де күресіп жүр. Солардың бірі алаяқтарды әшкерелейтін видеолары арқылы Францияда танымал болған блогер Кристиан. Париждегі түсірілім тобымыз онымен бірге «қалта ұрыларын аңдуға» шықты.

Бұл – Кристианның кезекті рейдінен кадрлар. Күдік тудырған бір топ адамды метро вагонынан шығарып жатқан кез. Кейде ұрының үстінен түсіп, камераға жазып үлгереді. Осындай бейнежазбаларын ютубта миллиондаған адам тамашалайды.

Бүгінгі аңду да әдеттегідей Париждің туристер ең көп баратын тарихи орталығынан басталды. Біз де блогердің командасына осы жерде қосылдық.

Кристиан шаһардағы қоғамдық орындарды бақылауға бірнеше еріктімен бірге шығады. Оның айтуынша, күдіктілерді осылай бірігіп аңдымаса, жалғыз камераға түсіріп алып, ұстау қиын. Бүгін топтың бір бөлігі Лувр маңын жаяу аралап, Кристиан осы маңайды велосипедпен шолуды жоспарлаған. Негізі жалақы есептейтін менеджер болып істейтін азамат мұндай рейдтке аптасына екі-үш рет шығады. Бұған кезінде өзінің де ұрыдан зардап шеккені әсер еткен. Кейін Рим мен Лондонда осындай бастама барын біліп, Парижде де қолға алуды шешкен.

Кристиан, блогер, ерікті:

- Әдетте таңғы сағат 09:00-10:00де бастаймыз. Дәл осы уақытта туристер көбейіп, ұрлық жиілейді. Метрода да, кезекте тұрғанда да өте сақ болған жөн. Егер арқаңызда сөмке болса, оны алдыңызға ұстап жүрген дұрыс. Тәжірибесі аз қалта ұрыларын тану оңай. Олар көбіне бес-алты адам болып топтасып жүреді, қыздардың иықтарына асынған шағын сөмкелері болады. Ал нағыз әккі ұрыларды әшкерелеу өте қиын, өте жақсы киінеді де көбіне сауда орталықтарында қылмыс жасайды.

Кристианның айтуынша, қалта ұрыларын мінез-құлқынан тануға болады. Олар адамдарға тым жақын жүріп немесе ұзақ уақыт бір орында отырып, кімнің сөмкесін ұрлауға болатынын аңдиды. Париж көшелерінде ұрыл-қарылардан бөлек, қайырымдылыққа ақша жинаған болып алдайтындар немесе көшеде кесе-стақанмен дөңгелектерді тығып, бәс тігіп, құмар ойын ұйымдастыратын алаяқтар да аз емес. Олардың басты нысанасы – шетелдік туристер.

Аристот, ерікті:

- Бұрын көбіне метрода жұмыс істейтінбіз. Алайда қазір күн ыстық болғандықтан, көшеге де жиі шығамыз. Лувр маңы, Монмартр сияқты қаланың танымал орындарын бақылаумен айналысамыз.

Еріктілер кейде ұрыны камераға түсіріп, ұстамас бұрын полицияны шақырып үлгереді. Ал кей жағдайда құқық қорғау органына алаяқты түсіріп алған бейнежазбаны дәлел ретінде тапсырып, өздері арыз жазады.

Жалпы Парижде ең көп тіркелетін құқықбұзушылық осындай көше ұрлығы. Жыл сайын 99 мыңнан аса дерек тіркеледі. Кристиан өз ісін Францияның Қылмыстық кодексіндегі азамат құқықбұзушылыққа куә болса, әрекет етуіне мүмкіндік беретін бабына сүйеніп жүргізетінін айтады.

Кристиан, блогер, ерікті:

- Адамдар бұл контентті пайдалы болғандықтан ұнатады. Мені осы жігерлендіреді. Бейнежазбаларымызды көрген сайын адамдар сақ жүре бастайды, заттарына мұқият болады. Әсем қаламызға келген туристердің демалысы осындай әрекеттерден бұзылмаса екен дейміз.

Айдана Айтбекқызы, тілші:

- Бейтаныс адамды аңду, физикалық тұрғыда қысым көрсету заңға қайшы әрекет. Заңгерлер осыны ескертеді. Десе де тұрғындар арасында ұры-қарылар жазаланбайды деген пікір бар. Сондықтан көше қарақшыларының ізін кесіп жүрген Кристиан сияқты азаматтарды қолдайтындар көп. 

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz