RU
Толық нұсқаға өту

«BAL-fest Urjar» фестиваліне 30-ға жуық омарташы қатысты

25.07.2026, 21:41 47

Абай облысының Үржар ауданында алғаш рет ара шаруашылығына арналған «BAL-fest Urjar» фестивалі өтті. 

Шараның басты мақсаты – омарташылықты дамытуға серпін беріп, саладағы кәсіпкерлердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау, сонымен қатар өңірдің бал өндірісін кеңінен таныстырып, отандық өнімді насихаттау. 

Фестивальге ауданның әр ауылынан келген 30-ға жуық омарташы қатысып, өз өнімдерін көпшілікке ұсынып жатыр. Көрмеде балдың бірнеше түрі, балауыз, прополис және ара шаруашылығына қатысты өзге де өнімдер қойылған.

Виталий Тырышкин, омарташы:

- Үржарда мұндай бал фестивалі бұрын-соңды өткен емес. Аудан әкімдігі өте жақсы мереке ұйымдастырды. Омарташылар тәжірибе алмасып, өзара пікір бөлісуге мүмкіндік алды.

Үржар ауданы – омарташылықты дамытуға қолайлы өңірлердің бірі. Қазір мұнда 80 ара шаруашылығы жұмыс істейді. Оның 11-і асыл тұқымды ара өсірумен айналысады. Ауданда өндірілетін табиғи бал еліміздің әр өңіріне жөнелтіледі. Жыл сайын мұнда шамамен 400 тонна бал өндіріледі.

Петр Хрулев, омарташы:

- Ара шаруашылығымен 30 жылдан астам уақыттан бері айналысамыз. Алғашқы 10 ара ұясын 1995 жылы, мектепте оқып жүрген кезімде алғанмын. Содан бері осы кәсіпті жалғастырып келеміз. Қазір асыл тұқымды омартамыз бар.

Фестиваль аясында халықаралық конференция да ұйымдастырылды. Оған еліміздің әр өңірінен және шет елдерден мамандар қатысып, ара шаруашылығының бүгінгі жай-күйі мен өзекті мәселелерін талқылады.

Ерзат Болатов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Фестиваль аясында өтіп жатқан іс шарада көршілес Қытай елімен омарта шаруашылығы оның ішінде бал өнімдерін дамыту мақсатында екіжақты келісімшарт жасалып жатыр. Бұл алдағы уақытта осы омарта шаруашылығын дамытуға үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын.

Фестиваль қорытындысы бойынша омарташылар «Үздік бал», «Үздік омарташы» секілді бірнеше аталым бойынша марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «BAL-fest Urjar» алдағы жылдары дәстүрлі түрде өткізілмек. 

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz