Мемлекет басшысы ХХІІ Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Омбы қаласына барды.
2003 жылдан бері өтіп келе жатқан форум бүгінде маңызды шешімдер қабылданатын алаңға айналды. Биылғы жиында екі ел басшысы қандай тоқтамға келді? Келелі келісімдерге қол жеткізе алдық па?
Құралай Жұмахан, тілші:
- Омбы – Ертіс және Ом өзендерінің қосылу жерінде орналасқан ірі қала. Ертіс – еліміздегі өзен көлігі қатынасы мен жүк тасымалының басты артериясы. Бұл су жолы Қытай, Қазақстан және Ресейді өзара байланыстырады. Десе де жүк тасымалын тиімді жеткізуде флоттың ескеруі, өзен түбінің таяздығы сынды мәселелер бар. Бұл жайт Мемлекет басшылары деңгейінде көтерілді. Мамандар енді инфрақұрылым толықтай жаңарады, жүк тасымалы жанданады деп отыр.
Айдос Шайхисламов, Павлодар облысы аймақтық «Атамекен» КП директорының міндетін атқарушы:
- Қазір Ертіс түбін кеңейту мәселелері бойынша келіссөздер жүріп жатыр. 2024 жылы Жол картасы жасалған болатын, соны дамыта түсуіміз керек. Бүгін түрлі кәсіпорындар басшыларымен пікірлестік. Қазір жұмыс тобы құрылатын болады.
Ресей Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Былтыр екі мемлекеттің сауда айналымы 30 млрд доллар-ға жуықтаған. Биылғы 5 айда сауда көлемі 9,6 пайызға өсіп, 10,9 млрд долларға жетті. ГРФ: 2005-2025 жылдар аралығында Ресейдің Қазақстанға салған тікелей шетелдік инвестициясы 29,3 млрд долларды құрады. Осы кезеңде Қазақстан Ресей экономикасына 9 млрд доллар инвестиция құйған. Қазір өнеркәсіптік кооперация аясында жалпы инвестиция көлемі 52,7 млрд долларды құрайтын 177 бірлескен жоба іске асырылып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Оның 122-сі іске асырылды. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайды ескерсек, бұл – көңіл қуантатын жетістік. Маған Балқаш көлі маңында нысан орнын дайындау жұмыстары аяқталуға жақындағанын баяндады. Бұл жоба Қазақстан аумағында энергияның жаңа түрін өндіруге ғана қатысты емес. Ол сонымен қатар мемлекеттеріміздің, ең бастысы, халықтарымыздың және өскелең ұрпақтың арасында алтын көпір болады. Өйткені біз Ресей көмегімен техникалық кадрларды, кейін атом индустриясы сияқты аса күрделі салада жұмыс істейтін жергілікті қазақ мамандарын даярлағымыз келеді.
Қазақстан мен Ресей Құдай қосқан көрші. Әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара екі елге тиесілі. Бұл географиялық қана емес, экономикалық, мәдени байланыатардың алғышарты. Өткен жылы екі ел арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалдау 3,5%-ға артып, 92 миллион тоннаға жетті. Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік тасымалдар да белсенді дамып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сондай-ақ «Жайсан» өткізу пунктін заманауи тексеру және сканерлеумен жабдықтау жоспарланып отыр. Біз бұл мәселеге жіті назар аударуды көздеп отырмыз. Өткен жылы жүк тасымалы көлемі артқан «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін дамытуға ерекше мән береміз. 2025 жылдың соңына қарай тасымал көлемі 3,5 миллион тоннаға жетті, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12%-ға артық көрсеткіш. Алайда 2026 жылдың алғашқы бес айындағы көлем 1,2 миллион тоннаны құрады. Ашығын айтқанда, біз бұл көрсеткіштің өсу қарқынының бәсеңдегенін байқап отырмыз. Сондықтан меніңше, біз бұл мәселе бойынша бірлесіп жұмыс істеуіміз керек.
Қазақстан тоғыз жолдың торабында орналасқан. Оның өте үлкен пайдасы бар. Өйткені транзиттік тасымал арқылы қазынаға қомақты қаржы түседі. Бұл ретте «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі маңызды бағыт. Мемлекет басшысы Ақтөбе – Ұлғайсын жолын жаңғырту оның өткізу қабілетін екі есе арттыратынын тілге тиек етті. Қазір бірқатар жұмыстар да қолға алынды. Бұл бағыттың ұзындығы 262 шақырымды құрайды. Ал жобаның құны – 523 миллиард теңге.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еуропалық қайта құру және даму банкімен жалпы құны 230 миллиард теңге болатын екі несиелік келісімге қол қойылып, олар биылғы жылдың 24 маусымында күшіне енді. Жобаны 2026-2029 жылдар аралығында жүзеге асыру жоспарланған. Жалпы алғанда Қазақстан жол инфрақұрылымын кешенді жаңғырту, авиациялық тораптарды дамыту және Каспий теңізіндегі теңіз порттарының қуатын кеңейту бойынша ауқымды мақсаттарды белгіледі.
Иә, енді экожүйе жаңғырып, логистика жаңаша бағыт алады. Демек Омбы сапары олжа салары сөзсіз.
Авторлары: Құралай Жұмахан, Айдос Меделбеков, Бақытбек Нұртаев
Тегтер #Мемлекет басшысы #Омбы #форум
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz