Солтүстік Қазақстан облысында қысқы мал азығын дайындау науқаны жалғасып жатыр.
Ауа райының күрт құбылуына қарамастан шаруалар тыным таппай еңбек етіп шөп қорының 90 процентін жинап үлгірді.
Ғабит Мүсірепов ауданындағы сүт фермасының жұмысшылары қысқы мал азығын жинауға жылдағыдай жұмыла кірісті. Жаздың әрбір жаймашуақ күнін тиімді пайдаланған олар үшін биылғы науқан нағыз сынақ болды.
Александр Погорельцев, бригадир:
- Көктемде жаңбыр аз болып, шөптің шығымы төмен болды. Бірақ дәл шөп шапқан кезде жаңбыр жауып кетті. Амал жоқ, шөпті кептірген соң маяға жинадық. Жалпы шөп дайындауда ауа райына тәуелдіміз. Соған қарамастан науқанды ойдағыдай өткіздік.
Сүт фермасындағылар 2 мың бума шөп жинап, қажетті мал азығын дайындап үлгірді. Енді олар жақын маңдағы елді мекен тұрғындарына жәрдемдесу үшін жұмыс істеп жатыр. Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар былтыр өңірде бір жарым жылдық шөп қоры дайындалды, биыл да науқан ойдағыдай өтіп жатыр, дейді.
Талғат Наурызбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Облыс бойынша биыл 405 мың гектар алқапқа мал азықтық дақылдар егілді. Оның ішінде өткен жылы 174 мың гектар жерге көпжылдық шөп себілген болатын. Ал биыл оған қосымша тағы 32 мың гектарға көпжылдық шөп егілді. Бүгінгі таңда жоспарланған шөптің 90 пайызы дайындалды. Бұл жоспардағы 975 мың тоннаның 878 мың тоннасы. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кәсіпорындары 214 мың тонна пішендеме әзірледі. Бұл жоспардың 70 пайызын құрайды.
Жем-шөп қорын дайындау Солтүстік Қазақстан облысы үшін аса маңызды. Себебі өңірде 450 мың бас ірі қара бар деп есептеледі әрі сүт фермаларының саны да күн өткен сайын көбейіп келеді.
Шыңғыс Қалиден, Наталья Волкова, Куаныш Казбеков, Толеген Иманов
Тегтер #СҚО #шөп #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz