Атырау қаласының іргесіндегі Сарыөзек ауылында 5 гектар аумақта алма бағы жайқалып тұр.
Табиғат пен тал-теректің тілін меңгерген Мұрат Халықов қазір отбасымен кәсібін дөңгелетіп, тұрғындарды жергілікті өніммен қамтамасыз етіп келеді.
Асланбек Шығыр, тілші:
- 5 гектар аумақты алып жатқан осы алма бағында 550 ағаш өсіп тұр. Алманың 7 түрлі сорты бар. Мұрат Халықов бұл істі 2003 жылы бастаған. Содан бері осы алма ағаштары жайқалып өсіп, жергілікті халықты табиғи өніммен қамтып келеді.
Бұл бақтың тарихы өткен ғасырдан басталады. 1958 жылы осы маңда 5 гектарға алма бағы егілген. Мұрат Халықтың ата-анасы сол бақта 30 жылдай еңбек етіпті. Өзі бала күнінен бағбандықтың қыр-сырын меңгерген. Бірақ 90-жылдардағы тоқырау кезінде ағаштарды кесіп алып, тұрғындар отынға пайдаланған. Бір кездері жайқалған бақтың бір сәтте жоқ болуы оңай тимегенін айтады бағбан. Ол бақты қалпына келтіріп, ата-анасының кәсібін жалғастыру үшін жер алып, жұмысын бастаған. Әр талды күтіп баптайтын бағбан қазір мол өнім алып отыр.
Мұрат Халықов, бағбан:
- Әкеңнен мал қалғанша, тал қалсын деген бар ғой. Алматинский апорттың үш сорты бар. Ранний бар, средний бар, поздний бар. Семеренко деген бар, бурхард деген алма бар, ренет деген алма бар. Олар да сол орташа июль, августте пісетін средний алмалар. 7 сорт алма бар енді. Арық сөйлеп, семіз шық дейді ғой, 4-5 тонна алатын болармын күзге шейін.
Алма бағында Мұрат Халықов отбасымен еңбек етеді. Балалары мен немерелерін еңбекке баулып, оларға да бағбандықтың қыр-сырын үйретуде. Соңғы жылдары өнімге сұраныс та артып келеді, дейді олар.
Айнұр Мұратова, қызы:
- Мұндай енді ерте пісетін алма бастап піскен күннен бастап, біз осы алмаларды жаз бойы сатамыз. Күз мезгілінде кеш пісетін алмалар бар. Осы ноябрьге дейін осы жерде жүреміз, сатысамыз, көмектесеміз жинасуға. Өнімге сұраныс өте көп. Біз көбіне үлгіре алмаймыз.
Мұрат Халықовтың бағында алма ғана емес, алмұрттың да 4 түрі бар. Олар да қазір өнім бере бастаған. Бағбан болашақта тамшылатып суару әдісін қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар алма мен алмұртты өңдеп, дәруменге бай табиғи өнім дайындауды мақсат еткен.
Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #Атырау #бағбан #алма #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz