Арал-Сырдария бассейніндегі ауқымды жұмыстың мақсаты – ылғал тапшылығына жол бермеу және ауыл шаруашылығы алқаптарын қажетті ресурспен қамтамасыз ету.
Инспекторлар су пайдалану жүйесін заңнаманың қатаң нормаларына сәйкестендіріп, инновацияға басымдық беріп отыр.
Бұл гидроторап арқылы секундына 525 текше метр су өтеді. Қуаңшылық жиі болатын өңір үшін мұндай көрсеткіш аса маңызды. Биылғы су тұтыну лимиті үш миллиард текше метрден асады. Демек алқаптар үшін бұл маусымда ылғал жеткілікті. Дегенмен мамандар су ресурстарын қатаң бақылауда ұстайды.
Сейтқасым Әбуов, «Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы» РММ басшысының орынбасары:
- Облыс аумағында 6 су қоймасы бар. Олардың сыйымдылығы 34,7 млн. Қазіргі таңда су қоймаларында жинақталған судың көлемі 15 млн, толуы 43 пайыз. Одан бөлек, Қызылорда облысы аумағында Сырдария өзені 4 су тоғыспаларымен реттеледі; Қызылорда, Әйтек, Қазалы су торабы, сосын Ақлақ су торабы арқылы реттеледі. Қазіргі таңда облыс көлеміндегі егістікке толық көлемде су беріліп жатыр.
Ресурстарды қатаң үнемдеу үшін инспекторлар судың «қара нарығына» қарсы күрес жариялады. Облыста жаңа Су кодексінің нормаларын түсіндіру бойынша ауқымды науқан басталды.
Зейнулла Қазтоғанов, «Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы» РММ басшысы:
- Жыл басынан бері жалпы 80 рет тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру жұмыстарының нәтижесімен 131 тұлғаға 60 млн 655 мың теңге айыппұл салынып, қазіргі таңда өндіріп алу жұмыстары жүргізіліп жатыр және оның 60 пайызы өндіріліп алынды. Оның ішінде жаңа айтып өттім ғой, судың қара нарығының алдын алу бойынша арнайы су пайдалану рұқсат құжатын рәсімдемеген 60 тұлғаға жалпы көлемі 20 млн 600 мың теңге айыппұл салынды.
Қатаң бақылаумен қатар, ылғал тапшылығымен күрестегі басты қару – саланы түбегейлі жаңғырту және цифрландыру болып отыр. Сондықтан өңірде есепке алудың автоматтандырылған жүйелері белсенді түрде енгізіліп жатыр.
Маратбек Айтмағанбетов, Қызылорда гидроторабы өндірістік учаскесінің басшысы:
- Әр аудан өзінің дақылдарын, яғни барлық дақылдардың түрін көрсетеді. Соған байланысты бізде су пайдалану жоспары жасалады. Сол жоспар арқылы біз суды жеткізіп береміз. Енді туындайтын жағдайлар көп. Жалпы, кейбір жерлерде каналдар жоғарыда орналасқан. Мысалы, Шіркейлі каналының бойында 10 подпорлық құрылыс бар. Сол арқылы суды жеткізіп беру жұмыстарын жүргіземіз.
Өңір бойынша су үнемдеу технологиялары 14 мың гектарға жуық алқапта қолданылады. «Мұндай тәсіл суды үнемдеп қана қоймай, бағалы ресурстың мақсатсыз ысырабын түбегейлі жоюға мүмкіндік береді», – дейді мамандар.
Авторлары: Ардақ Айбарүлы, Райхан Тәжібаева, Ақан Әлиев
Тегтер #Қызылорда облысы #суармалы су #бақылау #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz