Алматыда 27 шілдеге қараған түні Рысқұлов даңғылы мен Шәріпов көшесінің қиылысында Mercedes-Benz G-Class және Suzuki SX4 автокөліктері соқтығысты, деп хабарлайды «24KZ».
Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының кезекші бөлімі хабарлағандай, жол-көлік оқиғасы бүгін сағат 03:10-да Алатау ауданында болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, Suzuki көлігінің жүргізушісі Рысқұлов даңғылымен батыс бағытта келе жатып, Шәріпов көшесімен қиылыста кері бұрылмақ болған. Сол сәтте ол Рысқұлов даңғылымен шығыс бағытта қозғалып келе жатқан Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан Suzuki автокөлігінің жүргізушісі мен оның бір жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Suzuki-дің тағы бір жолаушысы мен Mercedes жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді.
Екі адамның өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Апаттың мән-жайы анықталып жатыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #Алматы #жол апаты #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz