Қазақ және қырғыз тарапы көкпарға қатысты мәселелерді талқылады. Кездесу Бішкек қаласында өтті. Қос елдің ұлттық спортқа жауапты мамандары дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында бас қосып, алдағы байрақты бәсекеге дайындыққа екпін берді.
Әсіресе көкпар өтетін алаңдардың әзірлігі, жылқылар тұратын қоралардың жағдайы және спортшылардың орналасатын, тамақтанатын, жаттығатын жерлері жайында пікір алмасты. Бұған қоса, ұлттық спортымызды келешекте бірлесе дамыту тетіктері сөз болды. Айта кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары биыл көрші қырғыз елінде болады. Жарыс 31 тамызда басталып, 6 қыркүйекке дейін жалғасады.
«Қайрат» «Ордабасыны» жеңіп, топ басына шықты. Футболдан көпшілік тағатсыздана күткен матч өтті.
Қазақстан Премьер-лигасының кезекті турында алматылық «Қайрат» өз алаңында шымкенттік «Ордабасыны» қабылдады. Турнирлік кестенің басында тұрған командалар арасындағы ойын өте тартысты өтті және 2:1 есебімен аяқталды. Нәтижесінде «Қайрат» 45 ұпаймен бірніші орынға көтерілді. Ал «Ордабасы» 43 ұпаймен екінші орында тұр.
Жылдың басты жарысына дайындық
Азия ойындарында жеңіске жетіп, ел үмітін ақтауға тырысамыз. Каратэден ұлттық құраманың өкілі Әсел қанай осындай пікір білдірді. Кешенді ойындарға қатысатын қазақ қыз-жігіттері қазір Алматы облысындағы олимпиадалық даярлау орталығына жиналып, негізгі дайындыққа кірісті. Байрақты бәсекеге 6 каратэшіміз қатысады. Олар тыңғылықты іріктеуден өтті. Нәтижесінде, үздік спортшыларымыздың бірі Әсел Қанай да ел намысын қорғауға мүмкіндік алды. Ол бұған дейін Қытайда өткен Азия Ойындарына күміске қол созған еді. Енді көрсеткішті одан сайын жақсартып, қалай да топ жарамын деп отыр. Айта кетейік, биылғы құрлықтық жарыс Жапонияның Нагоя қаласында өтеді. Каратэ бойынша бәсекелер жарыстың алғашқы күндері яғни, 21-24 қыркүйек аралығында болады.
Дамир Исмағұлов көк паспорт алды
Дамир Исмағұлов көк паспорт алды және алдағы Азия ойындары Қазақстан атынан қатысуы мүмкін. Аралас жекпе-жек шебері – Ресейде туып-өскен этникалық қазақ. Ол айтулы жарыстарда Ресеймен бірге Қазақстанның да туын алып шығатын. Енді тарихи отанына оралып, көк тудың астында ел намысын қорғамақ. «Бүгінгі сәтті өте ұзақ күттім және қазір сіздерге Қазақстан азаматымын деп мақтанышпен айта аламын. Енді мені алда Азия ойындары күтіп тұрған болар, дайындалуым керек», - деді Дамир Исмагулов. Еске салайық, Азия ойындары биыл қыркүйек айында Жапонияда өтеді. Тарихта алғаш рет оның бағдарламасына MMA спорты енгізіліп отыр.
Тегтер #Көкпар алаңдары #Бішкек #көшпенділер
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz