Биыл Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірлерден 654 отбасы қоныс аударған. Көші-қон бағдарламасы аясындағы жоспар 96 пайызға орындалды.
Көшіп келген еңбекке қабілетті азаматтар бүгінде толық жұмыспен қамтылған. Теріскейдің табиғаты мен тыныс-тіршілігіне бейімделгендер туған-туыстары мен таныстарына да солтүстікке қоныс аударуға кеңес беріп жүр.
Теріскейге отбасымен бірге қоныс аударған Жәнібек Мәменов өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы мүмкіндік іздегенін айтады. Бүгінде ол Новоишимское ауылындағы теміржол станциясында кадрлар жөніндегі менеджер болып қызмет етіп жүр. Айтуынша, солтүстік өңірдің қоңыр салқын климатына тез бейімделген. Жаңа ортаға үйренген соң Жәнібек қоныс аудару бағдарламасы туралы таныстары мен жақындарына айтып, олардың да көшіп келуіне ықпал етіпті.
Жәнібек Мәменов, қоныс аударушы:
- Осында көшіп келгелі бері СҚО бойынша екі жүзге жуық отбасын көшіріп әкелуге өзім атсалысқанмын. Қазіргі таңда соның жетпіске жуық отбасының ер азаматтары осы біздің станцияда, теміржолда жұмыс істейді. Көшіп келген мақсатымыз – СҚО-да өте керемет жағдай жасауға болады. Осында көшіп келсе, қазір бізде, мысалы, отызға жуық бос жұмыс орны бар. Сол жұмыс орындарына біз қабылдауға әзірміз. Келіншегім аудандық ауруханада мейірбике. Бала-шағам бар, үш балам бар. Олар қазақ мектебінде оқиды.
Солтүстік Қазақстан облысы оңтүстік өңірлерден келген 654 отбасымен қатар, 48 қандас әулетін қабылдады. Қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Оларға көшуге арналған бір реттік төлем беріледі. Сондай-ақ тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызмет ақысын өтеуге субсидия қарастырылған. Бұдан бөлек, жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар қоныс аударушыларға жеке баспана сатып алу үшін 7 млн теңгеге дейінгі экономикалық мобильдік сертификатын алу мүмкіндігі қарастырылған.
Алмагүл Рамазанова, СҚО Еңбек мобильдігі орталығы директорының орынбасары:
- Квотаға енген қоныс аударушылар міндетті түрде тұрақты жұмысқа орналасуы керек. Көшуге берілетін субсидия үш ай өткеннен кейін ғана төленеді. Бұл зейнетақы аударымдарының негізінде есептеледі. Ал тұрғын үйді жалдау ақысына берілетін субсидия тұрақты жұмыс істеген жағдайда алты айдан кейін ғана тағайындалады. Экономикалық мобильдік сертификатын қоныс аударушылар 12 ай өткен соң ала алады.
Биыл өңірге келген еңбекке қабілетті қоныс аударушылардың 52 пайызы жұмысқа орналасқан. Солтүстік Қазақстан облысы 2026 жылы оңтүстік өңірлерден 800 және 65 этникалық қазақ отбасын қабылдауды жоспарлап отыр.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Наталья Волкова, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #көші қон #СҚО #қоныс аудару #отбасыларPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz