Бұлақ көрсең – көзін аш. Қарағанды облысында елді мекендерге жақын маңдағы табиғи бұлақтарды абаттандыру қолға алынды.
«Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына қатысушылар Абай ауданы мен Ескі Тихоновка ауылындағы бұлақ көздерін тазалады. Тұрғындар мен жолаушыларға ыңғайлы болу үшін көлік тоқтайтын тұрақ пен жаяу жүргіншілер жолы жасалды.
Топар мен Қарабас кенті арасындағы, сондай-ақ Жартас ауылындағы бұлақтар толығымен жаңартылды. Аумақ қоқыстан тазартылып, бұлақ көзінің айналасы таспен өрілді. Жолай аялдаған жолаушылардың демалысына ыңғайлы болуы үшін орындықтар қойылды. Айнала ағаш көшеттір егіліп, шағын архитектуралық пішіндер орнатылды.
Бақтияр Санбаев, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Өздеріңізге мәлім, 2024 жылдан бастап Президенттің тапсырмасына сәйкес экологиялық ұлттық акция жүру үстінде. Осы экологиялық акция аясында осы Қарағанды облысында атам қазақ айтқандай, «Бұлақ көрсең, көзін аш». Соған сәйкес біз бүгін екі бұлақ ашайын деп отырмыз. Бұл акция әрі қарай жалғасын табатын болады.
Акция аясында «Сарышоқы» бұлағына ерекше назар аударылды. Себебі ол республикалық маңызы бар жолдың бойында орналасқан. Мұнда күн сайын жүздеген жолаушы аялдап, шөл басады.
Мақсат Тәттімбетов, Қарабас кентінің әкімі:
– Бұл мекенді өзіміз қараймыз. Тазалап, сақтап ұстап тұрамыз жазда. Жаз айында енді, әсіресе аптасына бір рет келіп жинап, тазалап әкетіп тұрамыз. Халықты енді тек тазалықты сақтауға шақырамыз.
Бұлақ суы зертханалық тексерістен өткен. Қайнардың суын жергілікті халық ертеден бері тұтынады. Елдің арасында 18 ғасырда Шерубай батыр бастаған жасақ осы «Сарышоқыға» тоқтап су ішкен деген аңыз бар.
Марат Кұлжанбеков, Топар кентінің тұрғыны:
- Бұл – таза су. Біз осы суды екі литрлік банкаға құйып, қалаға апарып тексерттік. Сонда су сапасын тексеретін мамандар оның жүз пайыз таза екенін айтты. «Бұл суды қайдан алдыңыздар?» деп сұрады. Біз оларға жол бойындағы бұлақтан алғанымызды айттық. Бұлақтың көзі анау жерде, су содан бері қарай ағып жатыр. Ескі Тихоновка ауылындағы бұлақ та абаттандырылды. Жалпы Қарағанды облысында 97 бұлақ бар. Соның 35-і бүгінде ретке келтірілді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Лиана Жамлиханова, Сайран Акамбаев
Тегтер #Қарағанды облысы #абаттандыру #Таңдаулы #Таза ҚазақстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz