RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда туризмнің жаңа бағыты дамып жатыр

28.07.2026, 18:34 39

Алматы қаласының халықаралық туристік беделі нығая түсті. Жақында мегаполис әлемдік гастрономиялық бағыттардың қатарына енді. 

Американың беделді Eater басылымы Алматыны Where to Eat 2026 тізіміне қосып, тағам мәдениетін сүйетін саяхатшылар міндетті түрде баруы тиіс қалалардың бірі ретінде атады. 

Алатаудың баурайында орналасқан мегаполис бүгінде тек табиғатымен, мәдениетімен ғана емес, алуан түрлі асханасымен де шетелдік туристердің қызығушылығын оятып отыр. Қалада Орталық Азия, Кавказ, Шығыс Азия және Еуропа асханаларының үздік тағамдарын ұсынатын мейрамханалар шоғырланған. Шетелдіктер бірінші кезекте қонақжайлылыққа тәнті. 

Шенг Танг, турист:

- Мен бұған дейін ешқашан жылқы етін жеп көрмеппін. Бүгін жылқы етінен дайындалған филе-миньоннан дәм таттым, ерекше әрі дәмді екен. Сондай-ақ асылған етті де жеп көрдім – керемет әсер алдым! Келесі жолы отбасымды бірге алып келемін.

Бір айта кетерлігі, соңғы уақытта Алматыда ұлттық тағамдарға басымдық беретін жаңа буын аспаздар көбейіп, авторлық тағам түрлері қалыптасты. Ең қызығы, қонақтарға дәстүрлі асылған ет, дәмді сорпадан бөлек, қойдың басы, жілік майы сияқты дәмі ерекше тағамдар ұсынылуда. Мұндай таңдаулы дәмге шетелдіктер де жиі тапсырыс береді екен.

Бёрни Леви, турист:

- Мен бұған дейін мұндай тағамды ешқашан жеп көрмеппін. Қойдың басынан алғаш рет дәм таттым, әсерім керемет болды!

Крим Леви, турист:

- Бізді қазақтың дәстүрлі асханасы ерекше қызықтырады. Сондықтан міндетті түрде ұлттық тағамдардан дәм татқымыз келді. Сондай-ақ жылқы етіне де қызығушылығымыз зор. Өйткені мұндай етті Америка Құрама Штаттарында жеу мүмкін емес.

Мұндай мейрамханаларда шетелдік қонақтар еліміздің тағам мәдениетін танып-біліп қана қоймай, көшпенділер тарихымен де таныса алады. Қызығушылық танытса, даяшылар ұлттық тағамға қатысты салт-дәстүрлерді айтып беруге даяр.

Ілияс Қолдасов, мейрамхана менеджері:

- Қойдың басын ұсынамыз. Алайда жәй ғана классикалық түрде оны қайнатып бергеннің орнына жаңа соуспен, жаңа ингредиентпен ұсынамыз. Біз қонақтарға әкеліп түсіндіріп, әрі құлағын, көзін, тілін бөліп түсіндіреміз. Кімге қандай бөлігі берілетінін. Және құрметті қонақтарға ұсынылатынын түсіндіріп, әр қонағымыз бізге құрметті болған соң солай көрсетеміз.

Алматының гастрономиялық әлеуеті елімізде туризмнің дамуына да оң әсер ететіні сөзсіз. Мегаполистің Where to Eat 2026 тізіміне енуі – халықаралық туристік келбетін тағы бір айқындай түсті. 

Санжар Калешов, Алматы Туризм бюросының туризмді дамыту бөлімінің басшысы:

- Біздің мейрамханадар, ресторандардың халықаралық деңгейдегі журналдарда көрінуі ол біз үшін жақсы жетістік деп санаймыз. Өйткені көптеген туристер, әсіресе шетелдік, еуропалық туристер гастрожурналдарды өте көп қарайды. Және де солар Алматының халықаралық гастродестинация екенін көріп, келу мүмкіндігі арта түседі. 

Гастротуризмнен бөлек Алматыда MICE туризм – яғни конференция, форум, көрме немесе корпоративтік іс-шараларды қолдау қарқынды. Сонымен қатар медициналық туризм де белсенді туристік бағыт ретінде танылып жатыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов, Айбек Қалиев

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz