RU
Толық нұсқаға өту

Еліміздегі ең ұзын бойлы қыз Таразда тұрады

29.07.2026, 08:33 81

Елдегі ең бойшаң спортшы қыз Таразда тұрады.

Баскетболшы Аяжан Амангелдиеваның бойы 205 сантиметр. Ол бұл табиғи ерекшелігін үлкен спорттағы басты артықшылығына айналдырған. Бүгінде сұңғақ бойлы аруға шетелдік клубтар да қызығушылық танытып отыр. 

Аяжан бала кезінен спортқа бейім болған. Алғашқыда дзюдодан бастап, кейін волейболға бет бұрды. Соңғы 1,5 жылдан бері баскетболмен кәсіби түрде айналысып жүр. 205 сантиметрлік бой Аяжанға спортта мүмкіндік берсе, күнделікті өмірде кейде қолайсыздық тудырады екен. Аяжан кейбір киім мен аяқ киімді тапсырыспен алдыруға тура келетінін айтады.

Аяжан Амангелдиева, қала тұрғыны: 

- Бұндай бой екінің біріне беріле бермейді. Өзімді жақсы көрем, адамдардың ортасында денемді тік көтеріп жүруге тырысамын. Аяқ киімді көбінесе шетелден тапсырыс беріп алдыртамын. Ал киім болса қазір спорттық киімдер көп оверсайс өлшемде ғой. Оның бәрі тез табылады. Ал классикалық киімді тіктіртуге тура келеді.

Аяжан кішкентай кезінен-ақ ұзын бойымен көзге түскен. Анасының айтуынша, оған бұл ерекшелік атасынан дарыған. Ол кісі де екі метрден асатын алып денелі болған. 

Толқын Күзенова, Аяжанның анасы:

- 3, 4-сыныптан бастап бойы мұғалімдермен бірдей болып жүретін. Аяжанның өзінің атасы 2.10 болған. Үлкен алып денелі қолдары да үлкен өзі бір сондай дауысы да жуан ерекше болатын. Аяжан сол кісіге ұқсады деп ойлаймын.

Аяжанның таланты тек спортпен шектелмейді. Сұңғақ бойлы спортшы өзін кино әлемінде де сынап көріп, толық метражды фильмге түскен. Дегенмен, қазір оның басты назары үлкен спортта. 

Аяжан Амангелдиева, қала тұрғыны:

- Келесі жылға маусымға бізде жоспар Атырау құрама командасында ойнау. Өздері шақырды мені. Америкада ұзын қыздар өте көп жақсы ойнайтын баскетболды. Соларға еліктеймін. Солардың ойындарын көремін. Скл Шетелден маған ұсыныстар болған. Осы Американың студенттер лигасында ойнауға. Келесі сезоннан бастап мен Америкаға кетуім мүмкін.

Амир Свеид, баскетболдан қалалық қыздар құрамасының бапкері:

- Баскетболда бойдың ұзын болғаны – үлкен артықшылық. Өйткені алаңдағы көптеген позицияда бойшаң ойыншылар ойынның қарқынын қалыптастырып, шабуылды тиімді ұйымдастырады. Қолдың ұзын болуы да допқа талас кезінде басымдық береді. Сондықтан кез келген команда құрамында кем дегенде екі-үш бойшаң ойыншының болғаны маңызды.

205 сантиметр Аяжан үшін жай ғана бой өлшемі емес. Бұл спорттағы мүмкіндігін арттырған табиғи артықшылық. Ол осы ерекшелігін күнделікті еңбегімен ұштастырып, үлкен спорттағы биік мақсаттарына ұмтылып келеді.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz