Биыл Түркістан облысында жауын-шашын мол болғандықтан вегетациялық кезең қалыпты өтіп жатыр.
Су қоймаларында су қоры жеткілікті. Мысалы, үш ауданға ағын су беретін «Шардара» су қоймасында 3 млрд 716 млн текше метр тіршілік нәрі бар. Ал трансшекаралық «Достық» магистралды каналы арқылы Өзбекстаннан секундына 145 мың текше метр су келіп жатыр. Шілденің шіліңгіріне қарамастан ауыл шаруашылығына қажетті су жеткілікті, дейді мамандар.
Шардаралық шаруалар былтыр ағын су тапшылығынан күзге дейін қиыншылық көрді. Мақтаға дер кезінде су бере алмады. Күрішшілер кезекке тұрды. Қауын-қарбыз еккендер де су таппай сенделген еді. Ал биылғы жағдай басқаша. Көктемде Шардара су қоймасына қажетті көлемде су жиналып, егістіктерге жеткілікті беріліп жатыр.
Сейдрахман Өткелбаев, шаруа:
- Биыл, құдай қаласа, суымыз былтырғыға қарағанда он күн алдын берілді. Шаруа қожалықтарының барлығы суарып бітті. Өзім мақтамды суарып болдым. Тағы егетін бақшалар бар. Қанша су керек болса да береміз деп отыр.
Сыйымдылығы 5,2 млрд текше метр болатын Шардара су қоймасы қазір 71 пайызға толып тұр. Сырдария өзені арқылы секундына 550 текше метр, ал Қызылқұм магистральді каналы арқылы секундына 135 текше метр су босатылуда. Сол арқылы Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласына және Қызылорда облысына ағын су қажетті көлемде берілуде.
Ермек Иса, "Қазсушар" РМК Шардара су қоймасы өндірістік бөлімшесінің басшысы:
- Былтырғы жылмен салыстырғанда 1 млрд 891 млн текше метр суымыз жоғары, артық, көп. Қазіргі уақытта бөгеттің беріктігі мен судың есептілігі жөнінен күнделікті бақылау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жалпы сұранысқа байланысты сумен қамтамасыз етеміз.
Шардара ауданында 58 мың гектар суармалы жер бар. Оның 12 мың гектарына мақта дақылы егілген. Ал күріш егу көлемі биыл үш есе азайтылды. Себебі былтыр күріш еккендер көбейіп, су жетпей қалған болатын.
Талғат Әлімқұлов, Шардара аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
- Аудан бойынша Қызылқұм магистральді каналында 50-ден астам канал бар. Сол каналдар бойынша әр каналдың өткізу қабілетіне қарай, шаруалардың сұранысына қарай, әрбір округтің табиғатына да қарай бөлініп жатыр бұл су. Суды күріш егілген жерлерге ғана үлестіріліп беріліп жатқан жерлер бар.
Ал көршілес Жетісай мен Мақтаарал аудандарына ағын су «Достық» магистралды каналы арқылы тоқтаусыз келіп жатыр. Екі ауданның 140 мың гектар егістік алқабы осы трансшекаралық каналдан суарылады.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Биыл «Достық» магистралды каналы арқылы Өзбекстаннан келетін ағын судың үкіметаралық бекітілген лимиттің көлемі 910 млн текше метр болды. Бүгінге дейін шаруаларға 775 млн текше метр су босатылды. Сондай-ақ «Зах», «Ханым», «Үлкен Келес» магистралды каналдары арқылы Сарыағаш, Келес, Қазығұрт аудандары ағын сумен қамтамасыз етілуде.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #Түркістан облысы #егістік #су мөлшері #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz