RU
Толық нұсқаға өту

Су айдындарында бақылау күшейтілді

29.07.2026, 19:30 37

Қостанай облысының құтқарушылары мен полицейлері аптап ыстыққа байланысты жағажайлар мен шомылуға арналмаған орындарды патрульдеуді күшейтті.

Бұл халықты судағы қайғылы оқиғалардан сақтау мақсатында жасалып жатыр. Шомылу маусымы басталғалы бері өңірде осындай 6 факті тіркелген. Оның үшеуінде кәмелетке толмағандар қаза тапқан.

Қостанайда шомылуға арналған төрт жағажай бар. Орталық жағажайға жұмыс күндері мыңға жуық адам келсе, демалыста шомылушылар саны 5 есе көбейеді. Сондықтан полицейлер өзен-көлдердің жағасында тәулік бойы кезекшілік етуге көшті. Олар тұрғындарға суда өзін-өзі ұстау ережелерін түсіндіріп, демалушылардың мас күйде болмауын және балалардың ересектер қарауынсыз қалмауын қадағалайды.

Рүстем Сұмабаев, Қостанай қалалық Ювеналды полициясының учаскелік инспекторы:

 – Егер кәмелетке толмаған бала ересектерсіз серуендеп, шомылып жүрсе, ата-анасын шақырамыз, хаттама толтырамыз немесе жай ғана түсіндіру жұмысын жүргіземіз.

Өңірде сегіз мыңнан астам су айдыны бар. Оның екі жүз жиырма алтысында шомылуға тыйым салынған. Ең қауіпті учаскелерге жылжымалы бекеттер қойылды.

Жалғасбек Маратов, Қостанай облыстық ТЖД басқармасының аға инженері:

- Екі мыңнан астам рейдтік жұмыс пен 27 мыңнан астам түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Соған қарамастан қазір 412-бап бойынша құқықбұзушылықтар бар, сол бойынша 391 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде 97 ата-ана тартылды, ол балаларды қараусыз қалдыруына, суға түсуіне байланысты толтырылды.

Құтқарушылар Тобыл өзенінің бойындағы сегіз учаскені бақылайды. Аптап ыстықта рейдттік іс-шараларды көбейтуге тура келеді.

Олжас Әділбек, Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы:

– Міне, мұнда қалтқылар, шектеуіштер тұр. Әрі қарай жүзуге болмайды. Бірақ оған құлақ аспайтын адамдар бар. Тіпті түн ішінде суға түсетіндер де бар. Қазір мұнда ағыс жоқ деуге болады. Мысалы, Тобыл өзенінің төменгі сағасында ағыс қатты.

Шомылу маусымы ашылған екі айда су айдындарында алты адам қаза тапты. Оның үшеуі – балалар. «Қайғылы оқиғалардың негізгі себебі балалардың ересектер қарауынсыз шомылуы, мас күйде суға түсу және шомылу кезінде өз күшін асыра бағалау», - дейді мамандар. Су айдындарындағы күшейтілген патрульдеу жұмыстары жаздың соңына дейін жалғасады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг, Ермек Мұхамедьяров

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz