RU
Толық нұсқаға өту

Қарағанды облысында жылыту маусымына дайындық қарқынды жүріп жатыр

29.07.2026, 20:20 34

Өңірдегі жеті жылу орталығында негізгі жабдықтар және қала-аудандарда жылу желілері жаңарады. Дегенмен энергия көздерінің бірі әлі де тәуекел аймағында қалып отыр.

Теміртаудағы ГРЭС-1 кәсіпорны елдегі ең проблемалы бес нысанның қатарына кіреді.

Теміртаудағы  ГРЭС-1 кәсіпорны жылыту маусымына дайындық бойынша "қызыл" аймақта қалып отыр. Егер жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмаса, қыс ортасында жылумен жабдықтауда мәселе туындауы мүмкін. Себебі мұндағы негізгі жабдықтардың 55 пайызы тозған. Биыл кәсіпорынды қысқы маусымға дайындауға 3,5 миллиард теңге бөлінді.

Кәсіпорында үш қазандық пен екі турбогенератор жөнделеді. Теміртау қаласының ескі аудандарына жылу жеткізетін бір шақырымға жуық жылу желісі жаңарады. Анықталған қосымша ақаулардың салдарынан жөндеу жұмыстарының кестесі өзгеруі мүмкін екенін айтады станция басшылығы. Дегенмен жылыту маусымына дейін барлық кемшілікті жоямыз деп отыр.

Сергей Ткаченко, кәсіпорынның бас инженері:

 - Қазір үлкен қауіп жоқ. ГРЭС-1 кәсіпорны «қызыл аймаққа» 2021 жылы қосылған. Содан бері «Қызыл аймақтан» шығу үшін тиісті іс-шаралар жүргізілуде. Жыл сайынғы осындай жаңғыртудың нәтижесінде 2027-2028 жылдарды қауіпті аймақтан шығамыз деп жоспарлап отырмыз.

Кәсіпорындағы жаңғыртудан бөлек, Теміртау әкімдігі қаладағы екі негізгі магистралда жылу желілерін жаңартуда. Алайда, орамішілік құбырларда мәселе бар. Олардың тозу көрсеткіші 70 пайыздан асқан. Мамандар оны кезең-кезеңімен жаңартамыз дейді. Ал тұрғын үйлердің шамамен 50 пайызы жылу маусымына әзір.

Ринат Қыдырбеков, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:

- Бүгінгі күнде 10 шақырымға жуық жылу желілерін жөндедік. Алдағы уақытта 6-шы және 8-ші ықшамаудандарда кварталішілік желілерді жөндеуге кірісіп кеттік. Жалпы бұл жоба бойынша 2029 жылға дейін барлық қаламыздың кварталішілік желілерін толығымен айырбастап, жөндеп қысқа дайындық жұмыстарын қарқынды жүргіземіз деп өзіміздің жоспарымыз бар.

Ауқымды жаңғырту жұмыстары облыс орталығындағы 3-ші жылу электр орталығында да жүріп жатыр. Бұл кәсіпорын Қарағанды қаласының жартысына жуығын жылумен қамтамасыз етеді. Жөндеу науқаны сәуір айында басталған.

Константин Пятков, №3 жылу электр орталығының директоры:

 - Біздің кәсіпорында 8 қазандық бар. Соның екеуіне күрделі жөндеу жасап жатырмыз. Қалған қазандықтар мен  6 турбина ағымдағы жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстар 1 қазанға дейін толығымен аяқталады.

Жалпы облыс бойынша жылыту маусымына дайындық бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Жылу өндіретін үлкен 7 орталықта негізгі жабдықтар жаңартылады.  Ал тұрғын үйлерге келсек, қазірдің өзінде 3725 көппәтерлі үй мен жүздеген әлеуметтік нысан қысқа дайын.

Данияр Ындауов, ТКШ және энергетика басқармасының бөлім басшысы:

 - Жылу беру маусымына дайындық өз деңгейінде жүріп жатыр. Бүгінгі таңда жоспарланған жұмыстың шамамен 62,3 пайызы орындалды. 370 жылу көзі мен 725 әлеуметтік-мәдени нысан жылыту кезеңіне дайын.

Қарағандыда жылыту маусымына дайындық барысында атқарылатын негізгі жұмыс нөмірі 2-ші және 3-ші магистральда жүріп жатыр. Құбырдың ең тозығы жеткен бөлігі ауыстырылады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Лиана Жамлиханова, Сайран Акамбаев, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz