Бір пәтердің бірнеше қожайыны бар боп шықты. Баспанасын адал еңбегімен тапқан қаражатына сатып алған тұрғындар енді өз мүлкінің заңды иесі екенін дәлелдей алмай жүр.
Елордадағы бұл даудан 50-ден астам адам зардап шеккен.
Астаналық Гүлнәр Увалиева былтыр күзде «International Invest Company IIC» компаниясынан пәтер сатып алған. Келісілген қаржыны төлеп, баспананың құжаттарын қолына аламын деп сенген. Бірақ арада бірнеше ай өтсе де, меншік құқығын рәсімдей алмай, сергелдеңге түскенін айтады.
Гүлнәр Увалиева, қала тұрғыны:
- Науырзға дейін созылды. Одан сәуір. Сосын мамырдың ортасында офиске күнде келіп жатқан адамдарды көрдім. Келсем көп адам жиналыпты. Шамамен 50 адамдай болды. 50 адамның ішінде бір емес, сегіз рет бір пәтердің сатылғаны туралы қағаздары бар. Одан ақша берген көбінің құжаттары жоқ. Мен секілді. Офиске келгенде ақшаны офистің ішінде беріп, бухгалтер ма, менеджер ме техникасымен ақша санайтын. Сонымен қабылдаған. Бірақ сол ақшаны бергенімен заңгерлері «біз ақша берген жоқпыз» деп айтады. Сендердің ақшаларың өткен жоқ. Көрген жоқпыз дейді. Бірақ қағаз нотариально берген. Нотариус мемлекеттік қызметкер. Енді оларға сенеміз.
Қазір тұрғын үйді құрылыс компаниясынан емес, қарапайым адамдардан сатып алған жандардың да басына бұлт үйіріліп тұр. Себебі пәтердің алғашқы иесі компаниямен жасасқан келісімі заңсыз деп танылуы мүмкін.
Фатима Төлесінова, қала тұрғыны:
- Жарнамадан көріп келдік. Бәрі дұрыс, ішінде жақсы. адамдардан кәдімгідей қолма-қол ақшамызға нотариуске барып, құжаттарын реттеп сатып алдық. Құжаттарымыз қолымызда бар. Енді пәтерімізді арестке қойып тұр. Не айтарымызды білмейміз. Бәрін нотариуспен келісімшарт жасап алған үйіміз. Енді оны барды да арестке қойып қойды.
Сот материалына сәйкес, қазір 51 адам зардап шегуші ретінде танылып отыр. Алайда құрылыс компаниясынан пәтер алу үшін төлем жасағанын дәлелдей алмай жүргендер де бар.
Айнагүл Бакирова, қала тұрғыны:
- Қаражаттың компания шотына келіп түскені белгілі. Бірақ ол ақшаны кімнің төлегені көрсетілмеген. Ол туралы ақпаратты бухгалтерлік бағдарламаға да енгізбеген. Бірақ қаражатты офисте жинап, чемоданға салып банкке апарған. Бұл туралы әкімдікте болған кездесуде өздері айтып берді. Неге олар қанша қаражаттың кімнен, қашан түскенін бірден белгілеп отырмайды? Олар әу бастан осылай біздің ақшамызды иемденіп кетуді көздеген.
Біз істің ақ-қарасын ажырату үшін құзырлы органдарға хабарластық. Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қазір қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданғанын жеткізді.
Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті:
- Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша төрт адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, айыптау актісі Астана қаласының прокуратурасымен бекітілді. Қылмыстық іс Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына жолданды.
Ал қалалық прокуратура бұғатталған үйлердің тағдыры сот шешімі шыққан соң белгілі болатынын мәлімдеді.
Астана қаласының прокуратурасы:
- Қылмыстық-процестік кодекстің 390-бабының 4-бөлігінің 11-тармағына сәйкес, үкiм шығару кезiнде сот кеңесу бөлмесiнде тыйым салынған мүлiктi не iстеу керегі бойынша шешім қабылдайды. Осыған орай, тыйым салынған мүліктердің тағдыры сот үкімі жарияланған кезде шешіледі. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы жүргізіліп жатыр.
Күдіктілерге қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған. Қылмыс дәлелденсе олар 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Мейрам Жүнісов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Астана #баспанаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz