RU
Толық нұсқаға өту

90 жаста көзілдіріксіз кітап оқып жүр

31.07.2026, 09:10 42

Қарағандының іргесіндегі Доскей ауылының тұрғыны Қабыкен Жотбаев 90-ға келсе де кітаптан бас алмайды.

Бір таң қаларлығы - өмір бойы оқудан жалықпаған қарт әлі күнге көзілдірік кимейді. Ауыл кітапханасының тұрақты оқырманы. Кітапқұмар зейнеткер іздеген кітабын ауылдан таппаса, Қарағанды кітапханаларынан алдырып оқиды.

Қабыкен Жотабаев кітапсыз өмірін елестете алмайды. Ақсақал әлі күнге дейін көзілдіріксіз оқиды. Кітапханаға түскен жаңа әдебиеттер алдымен Қабыкен Жотабаевтың қолынан өтеді.

Қабыкен Жотабаев, зейнеткер:

- Кітап деген бұлақ. Кітаппен біліміңді көркейтесің. Кітаппенен көзің ашылады. Кітаппенен ойың сергиді. Кітап адамның денсаулығына болсын, адамның көңіл-күйіне болсын, адамның өрісіне болсын, қайсысына болсын көп әсер береді. Кітап түгел жаныңда ақыл-кеңес беріп, жолға сілтеп отырады.

Ақсақал жаңа кітап алу үшін аудан орталығына автобуспен қатынайды. Әр туындыны оқып болған соң, кітапханашылармен сөйлесіп, алған әсерін бөліседі.

Сәбина Божанова, кітапханашы:

- Қабыкен атамыз – біздің оқырманымыз. Үлкен кісі. Кітапханамызда қай жерде қай кітап орналасқанын, қандай кітап оқығысы келеді, ол кісі өзі таңдайды, өзі қарайды. Ол кісінің кітап оқығаны жастарға үлгі деп санаймын.

Зейнеткер сөзжұмбақ шешуді де дағдыға айналдырған. Тоқсанға келсе де бала күнгі әдетінен жаңылмаған. Ақсақалдың айтуынша, сөзжұмбақ есте сақтау қабілетін дамытып, дүниетанымды кеңейтеді.

Қабыкен Жотабаев, зейнеткер:

- Біріншіден, Сканвордтың пайдасы – біліміңді жетілдіреді. Екіншіден, қазақша айтқанда, ұйқыдан оятады. Содан кейін білмейтін, өміріңде кездеспеген бір заттардың аты-жөнін, пайдасы-зияны, соны газеттен кездестіріп, газеттен көңіліңді ашып, ойыңды оятып отырады.

Қабыкен Жотабаевтың қызы әкесіне үнемі қолдау көрсетеді. Сұраған кітаптары мен сөзжұмбағын жеткізіп береді. Тоқсанға келсе де сергек жүруі – кітаптың арқасы, - дейді қызы.

Сәуле Қабыкенқызы, Қ. Жотабаевтың қызы:

- Әкем күнімен-түнімен кітап оқиды. Сканворд шешеді. Осы Доскейдің кітапханасына автобуспен кітаптарын құшақтап, Ботақара ауданға барып келеді. Қалаға кетіп бара жатсақ, «сканворд әкеп беріңдерші» деп міндетті түрде бізге айтады. Содан қораппен әкеліп тастаймыз. Соны шешіп отырады. Түнгі 2-де болсын, 3-те болсын, тұрып алса, жарық жанып тұрады, сканворд қарап отырады.

Қабыкен Жотабаевтың оқыған кітаптарының саны мыңнан әлдеқашан асқан. Нақты қанша шығарма оқығанын өзі де дәл айта алмайды. Әр кітаптан түйгені мол ақсақал өзгелерге кітап оқуды насихаттап жүреді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Лиана Жамлиханова, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz