RU
Толық нұсқаға өту

Көбейтұз қорғауға алынады

31.07.2026, 13:00 48

Туристерді таңдай қақтырған Көбейтұз көлі енді ерекше қорғалады.

Ақмола облысында қызғылт реңімен әлемге танылған бірегей көлді сақтау үшін оны «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылады.

Күлгін түсімен көзге түскен - Көбейтұз жыл сайын мыңдаған туристі қызықтырады. Алайда Астанадан 160 шақырым жерде орналасқан  бұл ғажайып мекенге адам қолымен зиян тиген кездер аз болған жоқ. Көлге келушілер тұзын қаппен, емдік балшығын шелектеп тасып, жағалауды қоқысқа толтырды.  Әлеуметтік желілерде талайды тамсантқан қызғылт көлге орасан қауіп төнді.

Батыржан Әбілпейісов, Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары:

- 2022 жылы әкімдіктің қаулысымен көлдің айналасында су қорғау белдеуі белгіленді. Бұл шаралар көлге зиян келтіретін әрекеттердің алдын алуға бағытталған. Көлге келуге болады, бірақ суға түсуге, балшық пен тұз алуға тыйым салынған. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен Экология департаменті жүргізген зертханалық талдаулардың нәтижесіне сәйкес, көл суы мен балшығының химиялық құрамы адам денсаулығына қауіпті. Ал ұлттық парк құрамына енгізу мәселесі техникалық-экономикалық және ғылыми негіздеме әзірленгеннен кейін тиісті тәртіппен қаралады.

Енді Мемлекет басшысының тапсырмасымен Көбейтұзға ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі беріледі. Ол үшін «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы кеңейтіліп, оның құрамына Көбейтұз көлінің акваториясы енгізіледі. Сонымен қатар көл маңындағы аумақ абаттандырылады. Жақын арада мұнда автотұрақ пен арнайы шолу алаңы салынады. Яғни, туристер ғажайып мекенге зиян келтірмей суретке түсіп, демалып қайта алады. 

Нұрлан Мұқатов, Ерейментау ауданының әкімі:

- Ерейментау біздің «визитная карточкамыз» деп айтуға болады. Осы бастамаға атсалысып жүрген құзырлы мемлекеттік органдар, полиция, күнделікті көлге келген адамдарға профилактика ретінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаны аман-есен таза ұстау үшін, келген адамдар қоқыстарды өздерімен бірге алып кетуге жұмыстар жасап жатырмыз. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктің құрамына кіргеннен кейін туризмді дамытуға жұмыстар жалғасады. Осы жерге қарау алаңы қойылады, автотұрақ жасалады.

Ал әзірге әкімдік тұрғындар мен туристерді талаптарға түсіністікпен қарап, оларды сақтауға шақырады. Өйткені мұның бәрі Көбейтұздың көркемдігін  келер ұрпаққа сақтап қалуға бағытталған.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова , Қанат Махмутов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz