RU
Толық нұсқаға өту

СҚО-да заңсыз 97 қоқыс алаңы анықталды

31.07.2026, 13:10 62

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында рұқсат етілмеген жерлерде 97 қоқыс алаңы анықталды. Оның басым бөлігі ғарыштық бақылау жүйесімен есепке алынды.

Экология департаментіндегілердің айтуынша, қазір қалдық төгілген орындардың жартысына жуығы жойылған.      

Экологтардың дерегінше, өңірде рұқсат етілмеген жерде қордаланған қоқыс алаңдары азайып келеді. Мысалы 3 жыл бұрын ғарыштық мониторинг арқылы осындай 300 орын тіркелсе, биыл 97 алаң анықталған. Бұл жұмыстармен экологтар, полицейлер мен қоғам белсенділері кіретін арнайы топ айналысады.        

Наталья Аржанникова Экология департаментінің бас маманы:

- Биыл мониторингілеу тобы 12 рейдтік шара ұйымдастырды. Соның нәтижесінде заңсыз 26 қоқыс алаңы анықталды. Жергілікті атқарушы және ішкі істер органдарына тиісті хаттар жолданды. Олар кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапқа тартты.

Былтыр экологтардың ескертуін орындамаған 6 ауыл әкімі әкімшілік жауапқа тартылды. Қазір облыс бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға рұқсат берілген 7 орын бар. Соның бірі толып тұрған Петропавлдағы полигон. Осыған орай қалалық әкімдік жаңасын салуды жоспарлайды.   

Бердімұрат Баймұқан, Қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Мамлют тасжолының аймағында жаңа полигон салу бойынша жоба әзірленді. Жаңа полигон толық санитарлық - экологиялық талаптарға сәйкес болады. Полигонның жалпы сыйымдылығы 4,3 млн тоннадан асады. Және пайдалану мерзімі шамамен 50 жылды құрайды.

Жаңа полигон 2027 жылы салынып бітеді. Экологиялық мәселені шешу үшін республикалық бюджеттен 8,6 млрд теңге қарастырылады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz