RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-да шаруалар агрофестивальде бас қосты

31.07.2026, 17:07 34

Батыс Қазақстан облысында дәстүрлі «Жер ырысы-2026» агрофестивалі басталды. Екі күндік шарада өңір шаруалары заманауи технологиялармен танысып, білікті мамандардан, сарапшылардан кеңес алмақ.

Фестивальге елден және алыс-жақын шетелден 40-тан астам компания қатысып жатыр. Сұлукөл ауылындағы «Агрофест-Батыс» шарасы  биыл 5 рет өтіп отыр. Бұл күні өңір шаруалары ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтарынан хабардар болады, ветеринария мен өсімдік қорғаудағы тәсілдер туралы тісқаққан сарапшылардан сұрап біледі. «Мақсатымыз – фермерлердің мәртебесін көтеру, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлау», - дейді ұйымдастырушылар.

Армат Бисенов, «Агросервис-Батыс» ЖШС директоры:

- Осы жерде малшылар, механизаторлар, дәнекерлеушілер дрон ұшырушылар арасында жарыс өтеді. Алғашқы күні экономика мәселелері талқыланса, одан кейін өсімдік және мал шаруашылығына кезек келеді. Балаларға күнбағыс лабиринті бар, спорттық сайыстар ұйымдастырылған. Мақсатымыз – ауылшаруашылығы саласы қызметкерлерінің беделін асқақтату. 

Орал өңірі елдегі ең аграрлық аймақтар қатарында, мал саны жөнінен жетекші орында. Еділбай қойы мен Көшім жылқысы, қазақтың ақбас сиыры да осы жерде пайда болған. Егін шаруашылығы да дамып келеді. Биыл жекелеген шаруашылықтар күздік бидайдың гектарынан 100 центнерден өнім жиналып жатыр. «Осының бәрі – мемлекеттік қолдаудың жемісі», - дейді шараға қатысқан өңір басшысы. 

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасы мен қолдауының арқасында бүгінде аграрлық салаға бұрын-соңды болмаған көлемде қаржы бөлініп, мемлекеттік қолдау тетіктері айтарлықтай кеңейтілді. Кейінгі үш жылда аймақтың агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 190 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Өңделген өнім көлемін 70 пайызға дейін арттыруға бағытталған шаралар да жүйелі жүзеге асырылып жатыр. 

Ауылшаруашылығын қолдау шаралары келешекте де жүйелі жалғасады. «Саланы қаржыландыру деңгейі төмендемейді», - дейді министрлік өкілдері.  

Назгүл Хатепова, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Бұл бірінші кезекте жеңілдетілген несие, арзандатылған қолжетімді несие бағдарламасы, одан бөлек, субсидиялар, тұқым шаруашылығы, минералды тыңайтқыштар, өсімдік қорғау құралдары, ауылшаруашылық техникалары, бәрі де мемлекет тарапынан субсидияланады. Бұл шаруалар үшін үлкен қолдау және сол қолдаудың тікелей нәтижесін көріп жатырмыз. 

«Агрофест Батыс» халықаралық фестивалі жаңа іскерлік серіктестіктерге, озық тәжірибе мен инновациялық идеялар алмасуға жол ашпақ.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz