Шығыс Қазақстан облысының қала-аудандарында Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық қызды.
Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, байқаушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арнайы курстан өтіп жатыр. Алдағы екі апта бойы облыстық сайлау комиссиясының мүшелері өңірлерде көшпелі семинарлар өткізіп, сайлау заңнамасының негізгі талаптарын түсіндіреді.
Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының мүшелері саяси науқан кезінде жұмыс істейтін байқаушылар мен еріктілерді оқытып жатыр. Олар тыңдаушыларға сайлау құқығының негізгі нормаларын түсіндіріп, сұрақтарына жауап берді. Мамандар БАҚ-ының жұмысына жеке тоқталды.
Жаңа Конституцияға сәйкес «ҚР сайлау туралы» заңына өзгерістер енгізілді. Енді дауыс беру күні толтырылған сайлау бюллетенін фото-видеоға түсіріп, таратуға тыйым салынған. Семинарға қатысушыларға басқа да мысалдар келтірілді.
Жанар Алқанова, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
- Мысалы, бүгінгі таңда бізде саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін оқыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ 3 тамыздан бастап барлық қала және аудандық учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері жұмысына кірісетіндіктен, көшпелі семинарлар өткізу жоспарланып отыр.
Өңірде осындай семинар 2 қала мен 11 ауданда өткізіледі. Дауыс беру күні облыс бойынша 534 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сондықтан оның әр мүшесі өзінің міндеті мен құқығын егжей-тегжейлі білуі тиіс.
Ерлан Құдайбергенов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Облыстағы барлық қала мен ауданды аралап, оқыту семинарын өткіземіз. Бір ауданға бір күн беріледі. Сондықтан бұл жұмысты екі топқа бөлініп, бір аптаның ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Шығыс Қазақстан облысындағы Құрылтай депутаттарын сайлау барысын 4 қоғамдық бірлестік бақылайды. Сонымен қатар сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту семинарына ЕҚЫҰ-ы миссиясының ұзақ мерзімді байқаушылары қатысып жатыр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #құрылтай 2026 #депутаттар #ШҚО #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz