Батыс Қазақстан облысында жылына 1,5 миллион тонна калий тыңайтқышын өндіретін кәсіпорын салынады.
Сонымен қатар жылдық қуаты 130 мың тонналық метанол зауытының құрылысы да қайта жанданады. Бұл жобаларды «Қазақстан Даму банкі» қаржыландырады. Өңір басшылығымен кездескен банк өкілдері өзге де жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады.
Биыл Орал-Атырау және Самара-Шымкент жолының батысқазақстандық бөлігінде құрылыс қарқын алды. Жолды жөндеуге «Қазақстан Даму банкі» қаражат құйған. Аталған қаржы институты өзге де ірі жобаларға атсалысып жатыр. Мысалы, Базаршолан ауылындағы Сатимола кенішінде 2029 жылы байыту-өндірістік кешені іске қосылады. Бастапқыда бір жарым миллион, кейін жылына 6 млн тоннаға дейін калий тыңайтқышы шығарылып экспортталады.
Марат Елібаев, «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарма төрағасы:
- Бірінші транш деп айтуға болады, 450 млн доллар көлемінде қаржы құпталды. Алайда жобаның жалпы құны 2 млрд доллардан асады. Атап кеткендей, осы жоба іске асса, әлемдегі үздік 10 калий шығаратын зауыттың бірі болады. Басты миссиямыз – мандатымыз – осындай инвестициялық жобаларды қаржыландыру, іске асыру және экспортты ынталандыру.
Сонымен бірег Қазақстан даму банкі Белес ауылындағы метанол зауытының құрылысын қаржыландырмақ. Банк өкілдері мен өңір басшылығының бүгінгі кездесуінде Тасқаладағы цемент зауыты, Оралдағы қоқысты қайта өңдеу кешені, Белес ауылындағы ГТЭС-ты кеңейту жобалары талқыланды.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Облыстың былай айтқанда, потенциалы бар екенін айтқым келіп отыр. Басқа да біз өзіміз атап өткендей, өнеркәсіпте, әсіресе өңдеу саласы мен ауыл шаруашылығына күш салып жатырмыз. Президент тапсырмасын өздеріңіз білесіздер. Егер осылай жақсы дамып кетсе, халыққа жақсы, өңір халқының жағдайы жақсы болады. Салығымыз көбейеді, қай-қай жағынан да тиімді болады. Сондықтан рақмет айтамыз!
Кездесуде айтылғандай, өнеркәсіптік жобаларды қаржыландыру арқылы өңірдің экспорттық әлеуеті артып, жаңа жұмыс орындары құрылмақ.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов
Тегтер #Калий #тыңайтқыш #зауыт #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz