Қостанайда селекция, асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы жетістіктер мен заманауи ауыл шаруашылығы техникасының мүмкіндіктері таныстырылып жатыр.
Өңірдің 90 жылдығына орай өткен ауқымды агрофестивальге Қазақстанның түкпір-түкпірінен фермерлер мен аграрлық сала өкілдері жиналды. Олар үш күн бойы тәжірибе алмасып, семинарларға, тест-драйвтер және шеберлік сабақтарына қатысады.
Фермерлердің ерекше қызығушылығын тудырған нәрсе селекционерлердің жетістіктері болды. Бұл тәжірибелік алқапта майлы дақылдардың, арпа мен бидайдың 80-нен астам үздік сорты ұсынылған. Ауыл шаруашылығы дақылдарына қойылатын негізгі талаптар – жоғары өнімділік пен құрғақшылыққа төзімділік.
Зинагүл Ағыбаева, «Заречное» АШТС аға ғылыми қызметкері:
- Ең жақсысы – бізде вегетациялық кезең қысқа, яғни өнімдер тез арада өсіп шығады. 85-90 күнде пісіп шығатын, осындай ыстыққа төзімді өнімдерді өсіреміз. Оның ішінде шемішке, соя, зығыр, рапс бар.
Мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер агрофестивальге асыл тұқымды қойлар, жылқылар мен бұқаларды алып келді. Ең ірі қара малдың салмағы бір тоннадан асады. Ал отандық және шетелдік ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер тракторлар мен комбайндардың жоғары технологиялық үлгілерін таныстырды.
Марат Ахметов, облыстық фермерлер одағының төрағасы:
- Қандай көрме болса да, әрқашан тауар өндірушілер үшін маңызды. Өйткені мұнда жаңа технологиялар, жаңадан шығарылып жатқан тұқымдар, майлы дақылдар мен бидайдың жаңа сорттары ұсынылады. Сонымен қатар техникаға келетін болсақ, жаңадан шығып жатқан заманауи техникалар да өте көп.
Төремұрат Өтепов, «Қайрат» ӨКФ ЖШС бас директоры:
- Техниканы ауыстырып жатырмыз, жаңартып жатырмыз. Заманауи техника алып жатырмыз. Сосын мал шаруашылығында бағдарлама қолданып жатырмыз. Оның бәрі үкіметтің қолдауымен.
Соңғы бес жылда Қостанай облысының аграршылары мен фермерлерін қаржыландыру көлемі үш жарым есе артты. Биыл мемлекеттік бюджеттен өңірдің ауыл шаруашылығын қолдауға 275 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге, егін жинау науқанына және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бағытталған.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Былтыр мыңнан астам жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Биылдың өзінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріміз 800 бірлік жаңа заманауи техника сатып алып жатыр. Қостанай облысы Мемлекет басшысының өндірісті әртараптандыру және өнім көлемін арттыру жөніндегі тапсырмаларын табысты орындап жатыр. Бұған әрине, бөлініп жатқан қаржының ықпалы зор.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Агрофестиваль ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді, ғалымдарды, бизнес өкілдерін, сондай-ақ отандық және шетелдік ауыл шаруашылығы техникасы, жабдықтары мен замануи технологияларын өндірушілерді бір алаңға тоғыстыратын маңызды халықаралық диалог алаңына айналып отыр.
Агрофестиваль заманауи ауыл шаруашылығы технологиялары мен дала мәдениетін бір алаңда тоғыстырды. Этноауылда гастрономиялық шоулар, ұлттық ойындар және аграрлық салаға арналған білім беру бағдарламалары ұйымдастырылды. Салада ұзақ жыл еңбек еткен мамандарға мақтау қағаздары табысталып, ауыл шаруашылығы техникасының кілттері берілді.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг
Тегтер #Қостанай облысы #агрофестиваль #ауыл шаруашылығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz