RU
Толық нұсқаға өту

Абай облысында 5 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр

01.08.2026, 11:00 31

Биыл Абай облысында 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Солардың бірі Жарма ауданындағы білім ошағы. Шалабай ауылындағы мектеп жарты ғасырдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген. Қазір білім ордасының ғимараты жаңартылып жатыр. Мердігер ұйым өкілдері құрылысты жаз соңына дейін аяқтаймыз дейді.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Бұл мектеп 1975 жылы пайдалануға берілген. Содан бері ғимаратқа бір де бір рет күрделі жөндеу жасалмаған. Биыл осы олқылықтың орыны толып жатыр. Облыстық бюджеттен 802 миллион теңге бөлініп, қазір ғимарат толық жаңғыртудан өтуде. Жаңа оқу жылында осы білім ордасында 130-ға жуық оқушы білім алып, 40-қа жуық педагог жаңарған ғимаратта жұмысын жалғастырады.

Бақыт Увалиева бұл мектептің тарихымен тағдыры тоғысқан жандардың бірі. 1975 жылы білім ордасы алғаш ашылғанда табалдырығын бірінші сынып оқушысы болып аттаған. Кейін жоғары оқу орнын тәмамдап, еңбек жолын осында жалғастырды. Қазір шаруашылық меңгерушісі қызметін атқарады. Арада жарты ғасырға жуық уақыт өткенде, жаңғыртылған мектепте тағы бір жаңа оқу жылын қарсы алмақ.

Бақыт Увалиева, шаруашылық меңгерушісі:

- Мектебіміздің осындай ауқымды жөндеуден өтіп жатқаны біз үшін үлкен қуаныш. Қыркүйекте жаңарған білім ордасының табалдырығын қайта аттап, жаңа оқу жылын қарсы алатыныма ерекше қуаныштымын. Осы мектепте зейнеткерлікке шыққанға дейін адал еңбек етіп, туған ұжымыммен бірге қызметімді жалғастырғым келеді.

Қазір нысанда ішкі әрлеу, инженерлік желілерді жаңарту, еден мен төбені ауыстыру, қасбетті жаңарту жұмыстары қатар жүріп жатыр. Құрылысшылар мектептің материалдық-техникалық базасын да заман талабына сай жаңартуға кіріскен. Жұмыс кестеге сәйкес жүргізілуде.

Күләй Қарынбаева, мектеп директорының орынбасары:

- 2026-2027 Оқу жылын бұйырса жаңа мектепте бастағалы отырмыз. Соған ауыл тұрғындары да, өзіміз де балалар да ризамыз. Күрделі жөндеу жұмыстары қыркүйектің басына дейін аяқталып, жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастағалы отырмыз.

Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, құрылысқа қажетті материалдар толық жеткізілген. Нысанда бірнеше жұмысшы бригадасы еңбек етіп жатыр. Мамандар құрылысты белгіленген мерзімде аяқтап, мектепті жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Руслан Бақпаев, мердігер ұйымның бас инженері:

- Мектептің барлық инженерлік желісі толық жаңартылады. Атап айтқанда, су құбыры мен кәріз жүйесі түгелдей ауыстырылады. Электр желілері мен жарықтандыру жүйесі де толықтай жаңғыртылады. Сонымен қатар бейнебақылау жүйесі, өрт дабылы және автоматты өрт сөндіру жүйесі де заман талабына сай болады. Қазандық ғимараты да толық жаңғыртылып, ондағы барлық жабдық заманауи құралдармен алмастырылады.

Жалпы өңірде білім беру ұйымдарын жаңғырту кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Биыл күрделі жөндеу жұмыстарына 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның аясында Семей қаласындағы төрт мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде.

Темірлан Қалелов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұдан бөлек облыстық маслихаттың қолдауымен қосымша 508,9 мн теңге бөлініп, 41 мектептегі ең өзекті жөндеу жұмыстары қамтылды. Барлық жұмыстардың сапасы мен мерзімді аяқталуы басқарманың тұрақты бақылауында. Біз жаңа оқу жылы басталғанға дейін жоспарланған жұмыстардың басым бөлігін аяқтап, балаларымызды жайлы, қауіпсіз әрі заман талабына сай мектептерде қарсы алуды мақсат етіп отырмыз. 

Бұдан бөлек жергілікті бюджет пен жан басына шаққандағы қаржыландыру есебінен ондаған мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Қазір өңірде 190 жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ 51 білім беру ұйымында жылу жүйелері жаңғыртылады. Бұл жұмыс жаңа оқу жылында оқушыларға қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz