Биыл Таразда электр энергиясы мәселесін шешу үшін 14 жоба жүзеге асып жатыр. Бұл іске бюджеттен 760 миллионнан аса теңге бөлінді.
Желілерді жаңғырту жұмысы қаланың шЕткері аумақтарында қолға алынды. Бірақ әлі күнге жарықтан тарығып отырған тұрғындар бар. Солардың бірі - Сұлутөр тұрғын алабы. Елді мекендегі мәселе қашан шешіледі?
Сұлутөр тұрғын алабына адамдар осыдан жиырма жыл бұрын қоныстана бастаған. Ол кезде аумақ Жамбыл ауданының құрамында еді. Инфрақұрылым мүлде болмағандықтан тұрғындар өз қаражатына электр бағаналарын орнатып, желі тартқан. Дегенмен сол желілер әбден тозып, ескі трансформатор шамадан тыс жүктемені көтере алмай жиі істен шығады. Салдарынан тұрғындардың тұрмыстық техникалары жарамсыз болып жатыр.
Мәдина Қазбекова, қала тұрғыны:
- Бізде тоқ аз. Менің 3 техникам және теледидарым күйді. Үйіміз жылымайды. Теледидар кейде көрсетпей қалады. Кішкене жел болса істемейді де біздің автоматтарды лақтырып тастайды.
Тұрғын алабы 1,5 жыл бұрын қала құрамына енгізілді. Мұнда сондай-ақ жол мәселесі де өзекті. Асфальт төселмегендіктен жұрт жаңбырлы күні балшық кешіп, жаздыгүні шаң жұтуға мәжбүр. Сондықтан тұрғындар өз қаражатына көшеге шағыл тас төсеуге кіріскен.
Қанатбек Рүстембеков, қала тұрғыны:
- Біз өзіміз көше бойынша ақша жинап шағал төктік. Ол аздау болып қалды. Енді құбыр жүрген жердің бәрі балота болады. Үнемі су жиналып қалады. Содан кейін барып балалар сумен, балшықпен кешіп мектепке келеді. Мектепке кіргізбейді. Мектепке екі аяқ киім алып келеді.
Ал әкімдік өкілдері мәселенің бір күнде пайда болмағанын айтады. Сұлутөр қала құрамына жаңадан қосылғандықтан ондаған жыл бойы шешілмеген түйткілдерді бірден реттеу мүмкін емес. Сол себепті инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі.
Қарлығаш Аралбекова, Жібек жолы ауданының әкімі:
- Сұлутөрдің 10 көшесіне мердігер анықталып, осы бір аптаның ішінде жұмыс басталып кетті. 10 көшенің толық жарығы болады. Қазір 45 жолға жоба жасап, соны экспертизадан өткізіп бүгінгі таңда бюджеттік өтінімді күтіп отырмыз.
Былтыр қала маңындағы саяжай алқаптарын тұрақты электрмен қамту үшін 8,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар салынды. Ал биыл қала құрамына енген Талас, Сұлутөр, Жалпақтөбе сынды 9 ауылға көше жарығын жүргізуге 760 млн-нан астам теңге қарастырылды. 2028 жылға дейін Жамбыл және Байзақ аудандарынан қалаға қосылған барлық елді мекен көшесін толық жарықтандыру жоспарланған.
Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Тараз #жарық #жол мәселесіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz