RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбеде ерекше балаларға балабақша салынып жатыр

01.08.2026, 20:00 31

Ақтөбеде ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндерге арналған балабақша салынып жатыр. Әлеуметтік нысан өңірдегі ең үлкен мамандандырылған орталық атанады.

Бес қанаттан тұратын балабақша 300 балдырғанды қабылдайды. Ал арнайы маман мәселесі қалай шешіледі? 

Есет батыр ауданында салынып жатқан ауқымды ғимарат әуеден қарағанда гүлдің күлтелерін еске салады. Нысанның түрлі түсті 5 қанаты болады. Әрқайсысы тірек-қимыл аппараты, көру, есту және сөйлеу қабілеті, сондай-ақ интеллекті бұзылған балаларға арналған жеке блоктардан тұрады. Жалпы аумағы 20 мың шаршы метр болатын ғимарат құрылысының 70 пайызы тәмәм болған.

Сапарғали Жұмағалиев, құрылыс учаскесі басшысы:

- Әр қабатта әр бөлім орналасқан. Лифт, спорт зал, бассейн бар. Қазір әрлеу жұмыстары ғана қалды. Сыртқы абаттандыру жұмыстары мен еден қалды. Балабақшаның айналасын қоршаймыз. Олардың барлығы тамыз-қыркүйек айларында бітеді.

Мамандандырылған балабақшаға өңірде сұраныс жоғары. Себебі облыс бойынша ерекше күтімді қажет ететін 9753 бала бар. Қазірдің өзінде 635 бүлдіршін балабақшаға кезегін күтіп жүр. Білікті маман тапшылығы да күн тәртібіндегі мәселе.

Нұргүл Бертілеуова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл 60 түлек арнайы педагог мамандығын тәмәмдайды. Сонымен қатар өңірдегі арнайы мамандарға деген қажеттілікті жабу мақсатында Жоғары Ақтөбе гуманитарлық колледжінен логопед мамандарын даярлайтын бөлім ашып, 100 орынға түлектерді қабылдау жүргізіліп жатыр.

Жаңа балабақшада әлеуметтік педагог, психолог, логопед, деффектолог сияқты 200-ге жуық маман еңбек ететін болады. Ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндерге арналған өңірдегі ең үлкен әлеуметтік нысан ел қазынасына қайтарылған активтер есебінен салынып жатыр. Құны шамамен 8 млрд теңге. Жоспарға сай алдағы қазан айында ашылады деп күтілуде.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz