RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар 32 нысан қолдануға беріледі

02.08.2026, 09:00 33

Биыл Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар 32 нысан халық игілігіне беріледі.

Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт саласында бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған 45 нысанның құрылысы қолға алынды.  

Өңірде туу көрсеткіші жоғары, елдегі әрбір 7-сәби Түркістан облысында дүниеге келеді. Жылына оннан аса мектеп салынғанымен, орын тапшылығы толық жойылмады. Мысалы, Сауран ауданының Абай ауылында 300-дей үй, 300-ден аса оқушы бар. 2000 жылдары асарлатып салынған шағын мектеп бүгінде тарлық етуде. "Оның үстіне асхана, спорт және акт залы жоқ", дейді тұрғындар. Заман талабына сай болмағандықтан былтыр ауылдан 300 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды.  

Әнуарбек Байзақов, Абай ауылының тұрғыны:

- Ауылымыз заман талабына сай дамып келе жатыр. Демография өсіп, қазақтың санын көбейтіп, өсіп-өніп жатқан жағдайда мектебіміз 200 орынға арналған еді. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының біраз жылдан бері өтініш болып жүрген. Бүгінгі таңда осы жағдай ескеріліп, ауылдан жаңа мектеп құрылысы басталып, мінекей бітуге айналды. Осы оқу жылына балаларымыз жаңа мектепке барады деген үміттеміз.

Облыс бойынша 16 білім мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жартысы биылғы оқу жылында пайдалануға беріледі, дейді мамандар. 

Ғалымжан Орынов, облыстық білім басқармасының басшысы:

- 8 жаңа мектебіміз өткен жылы басталған. Биылғы жылы тапсырылады. Сонымен қатар облыс көлемінде 4 ауданда жаңа буын даму орталықтары салынып жатыр. Бұл балалардың қосымша білім алып, өздерін дамытуға, роботатехника, өнер, спорт жағынан ашылуына мүмкіндік беретін үлкен орталықтар болады.

Денсаулық сақтау саласында да 4 нысанның құрылысы жүруде. Сарыағашта   300 орындық көпбейінді аурухана мен Ордабасы ауданында 200 орындық перинаталдық орталық салынып жатыр. Ал Түркістанда   80 орындық жаңа  перзентхана болады.   Медициналық мекеме алдағы тамыз айының соңында пайдалануға беріледі. Екінші перзентін күтіп жүрген Нұрсұлтан мен Ақниет нысанның ашылуын асыға күтіп жүргенін айтады.

Ақниет Нышанбай, қала тұрғыны:

- Жаңа қаладан жаңа перзентхана ашылатынына қуаныштымыз. Себебі жаңа қалада тұрғындардың саны өте көп. Бірінші баламды мен ескі қаладағы роддомда босанғанмын. Ескі қалаға жетудің өзі жарты сағаттан аса уақытты алады. Ол жерде ауданнан да, ауылдан да адамдар келеді. Сол себепті екінші перзентханананың салынуына біз өте қуаныштымыз. Бұйыса екінші баламды осы жаңа перзентханада босансам деген ниеттемін.

Бүгінде Түркістан облысында жалпы құны - 31,6 млрд теңге болатын 45 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысын қарқынды жүріп жатыр.

Абай Тұрханов, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:          

- Оның ішінде басқармаға қарасты 19 нысан болса, 23-і аудан-қалаларда және 3 нысан қор есебінен жүріп жатыр. Жыл қорытындысымен 32 нысан тапсыру жоспарланса, 13 нысан келесі жылға өтпелі. Бүгінгі таңда 8 нысан пайдалануға берілді.

Мәдениет саласында 13 нысанның құрылысы жоспарланса, оның бесеуі пайдалануға берілді. Қалған мәдениет үйлері, кітапханалар мен мұражайларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Ал спорт инфрақұрылымын дамытуға арналған 10 нысанның бүгінге дейін біреуі тапсырылса, жыл соңына дейін тағы бес спорт нысаны ел игілігіне беріледі. Қалғаны келесі жылға өтеді. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz