Қызылорда облысында биыл 950 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Өңірде баспанадан бөлек, заманауи спорт кешені мен жаңа медициналық нысандардың да құрылысы қарқын алған.
Қызылордаға жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі әлеуметтік маңызды жобалардың барысымен танысты.
Қызылорда қаласындағы Президент саябағының аумағында 9 қабатты 15 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Қазан айында пайдалануға берілетін бұл нысандар 945 отбасыны баспанамен қамтамасыз етпек. Жұмыс барысымен танысқан Нұрлыбек Нәлібаевқа мердігер мекеме өкілі құрылыстың кестеге сай жүріп жатқанын жеткізді.
Еркебұлан Нарбаев, Мердігер мекеменің директоры:
- Құрылыс қарқынды жүруде. Құрылыс алаңында 600-ден астам адам жұмыс атқарып жатыр. Жұмысшылардың барлығы жергілікті мамандар.
Сапар барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары жаңа драма театр мен кітапхананың құрылысын көрді. Одан бөлек, 2 500 орынға арналған «Қызылорда-Арена» спорт кешенінің құрылыс алаңына барды.
Қайрат Мамбетырзаев, жоба жетекшісі:
- Бассейн 50 метрлік, 10 жолақты жүзуге арналған. Айта кетсек, халықаралық жарыстарды өткізу талаптарына сай келеді.
Сондай-ақ Үкімет басшысының бірінші орынбасары Президенттің қолдауымен Титов кенті мен қаланың сол жағалауында бой көтеріп жатқан жаңа емхана мен қалалық аурухананың құрылыс алаңдарында болды.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Мұны халық қанша күтті, сұрады. Халық үшін керек. Жүз келушіге арналған емханасы бар, онкологиялық бөлімшесі бар, 300 төсектік көпфункционалды аурухана біздің өңір үшін өте маңызды. Тек қала турғындары емес, өңір үшін өте маңызды. Сондықтан сапаға өте қатты көңіл бөлу керек.
Сапар соңында Премьер-министрдің бірінші орынбасары барлық әлеуметтік нысандардың сапалы әрі мерзімінде пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Қызылорда #әлеуметтік жобалар #жарнама #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz