RU
Толық нұсқаға өту

Абай облысында егін жинау науқаны басталды

02.08.2026, 20:40 31

Абай облысында егін жинау науқаны қарқын алды. Биыл 700 мың гектардан астам алқапқа дән егілді. Оның басым бөлігі - майлы және дәнді-дақылдарға тиесілі. 

Жазғы дастарқанның сәніне айналған мына қарбыздар дүкен сөресіне бір күнде келе салмайды. Бір ғана өнімнің артында бірнеше айлық еңбек жатыр. Жер дайындау, көшет отырғызу, суару, күтіп-баптау. Осының бәрі сапалы әрі тәтті өнім алудың басты шарты.

Үржар бақша шаруашылығын дамытуға қолайлы аудандардың бірі. Биыл Ақжол Темірғали бақша дақылдарын алғаш рет еккен. 10 гектар алқапқа дән сеуіп, әр гектардан 40-50 тоннаға дейін өнім жинап жатыр.

Ақжол Темірғали, диқан:

- Біз сәуір айында бастадық. Үш ай бойы күтіп-баптадық. Қаншама еңбек сіңірілді. Бәрі дәннен басталады. Уақытылы суарып, күтіп-баптасаң, өнім де жақсы болады.

Өңірде қазірдің өзінде 500 гектарға жуық алқап жиналып, 13 жарым мың тонна өнім алынған. Егін орағын уақытылы аяқтау үшін шаруалар техника және жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етіліп отыр.

Мадияр Сәкенов, Өсімдік шаруашылығы, техникалық инспекция және механикаландыру бөлімінің басшысы:

- Жалпы көкөніс-бақша дақылдары бойынша 5 мың 200 гектар жоспарланған. Соның ішінде қарбыз бойынша 500 гектар жиналып, қазіргі таңда орташа өнімділігі 200 центнер гектарынан құрап отыр. Жыл басынан егістік жиналғаннан бері экспорт бойынша Ресей Федерациясына 810 тонна өнім экспортталды. Облыс бойынша шаруаларға 21 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Оны кестеге сәйкес шілде-тамыз-қыркүйек-қазан айларында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жөнелтілетін болады.

Мамандар өнімнің қауіпсіздігі егістік басынан бастап зертханалық бақылауға дейін бірнеше кезеңде тексерілетінін айтады. Сондықтан қарбызды тек рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алуға кеңес береді.

Раушан Фатхуллина, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Былтырдан бері облыс аумағында бақша өнімдерінен улану дерегі тіркелген жоқ. Мамандар ондаған сынама алып, зерттеу жүргізді. Нитрат мөлшерінің шекті деңгейден асу фактілері анықталған жоқ. Мұндай бақылау сауда орындары мен базарларда тұрақты жүргізіледі.

Мамандардың айтуынша, қарбыздың нитрат мөлшерін сыртқы түріне қарап анықтау мүмкін емес. Оның нақты көрсеткіші тек зертханалық тексеру арқылы белгілі болады. Сондықтан тұтынушыларға ресми сауда орындарынан алынған өнімді таңдауға кеңес беріледі.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz