RU
Толық нұсқаға өту

Теміржолшы Жұбаназаровтар әулетінің саладағы жалпы еңбек өтілі бір ғасырдан асты

02.08.2026, 21:00 33

Ақтөбе облысы Бершігүр станциясында тұратын Жұбаназаровтар үшін теміржолшылар күні отбасылық мереке. Бір Әулеттің төрт ұрпағы саналы ғұмырын Қазақстанның теміржол саласын дамытуға арнаған.

Қазір Серік Жұбаназаров Елдегі Ең алғашқы станциялардың бірін басқарады.

Шойын жол бойында өскен Серік Жұбаназаров тағдырын темір жол саласына арнарын жас күнімнен білдім дейді. «Әке көріп оқ жонған» маманның бір салада тапжылмай еңбек еткеніне 38 жыл толды. Бастапқыда пойыз құрастырушы, станция кезекшісі қызметін атқарып, соңғы 23 жыл Бершігүр станциясын басқарып келеді. Тоғыз жолдың торабы болмағанымен жүк тасымалы үшін маңызы зор бірінші деңгейлі станция тәулігіне 50 пойызға дейін қабылдайды.

Серік Жұбаназаров, «Бершігүр» теміржол бекетінің басшысы:

- Қазір бұрынғыға қарағанда жүк тасымалдау көбейді. Жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Мысалы, осыдан 3-4 жыл бұрын 3 мың тиесек, биыл 4 мың, қазір 5 мыңға жақындап келе жатырмыз. Жылдан жылға көбейіп жатыр. Енді қазір жан-жақта, ҚазАвтоЖол да жол салып жатыр. Солардың негізгі Бершігүрден және Мұғалжардан щебеньді алады.

Елдегі ең алғашқы темір жол торабының бірі – Бершігүр станциясы 1906 жылы ашылған. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары ауыр металлургияға қажетті шикізат өндірісінде еңбек еткен Серік Жұбаназаровтың атасы, тыл ардагері Көбей Жұбаназаров темір жол саласына келген. Кейін әкесі Әбуғали Жұбаназаров ата жолын қуған ұлы Есқали Әбуғали де әулеттің дәстүрін жалғап келеді.

Есқали Әбуғали, «Бершігүр» теміржол бекетінің пойыз құрастырушысы:

- Вагондарды тіркейміз, ағытамыз, пойыз құрастырамыз, маршрут дайындаймыз, зауыттарға пойыз кіргіземіз. Қыста да, жаздың күні күн демей, түн демей уақытылы жіберіп отырамыз.

Бершігүр бекетінде 40-қа жуық теміржолшы бар. Олар жолаушылар және жүк тасымалын кестеге сай жүргізіп, қозғалыстың қауіпсіздігін қамтамассыз етеді. Ел экономикасының күретамыры темір жол саласына жастардың қызығушылығы жоғары. Күні кеше оқу орнын тәмәмдаған мамандар шалғайдағы станцияда еңбекке білек сыбана кіріседі.

Нұрдәулет Самбаев, «Бершігүр» теміржол бекетінің кезекшісі:

- Міндетім пойыздарды тоқтаусыз өткізу және де қабылдау, жөнелту. Сосын тасымалды ұйымдастыру. Бағыттама, бұрмаларды компьютер арқылы бұрамыз ғой. Бәрі де біздің қолымызбен дайындалады. Серік Әбуғалиұлына еліктеп өсіп келе жатырмыз. Оқу бітіріп келгеннен осы кісі үйретіп, қадағалап отырады ғой.

Жұбаназаровтардың бұл саладағы еңбек өтілі бір ғасырдан асқан. Ата дәстүрін бұзбай, саналы ғұмырын шойын жолға арнаған бүгінгі теміржолшылардың еңбегі ескерусіз емес. Серік Жұбаназаров «Қазақстанның Құрметті теміржолшысы» атанған.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz