RU
Толық нұсқаға өту

Кітап оқитын жастар қатары артып келеді

03.08.2026, 09:45 42

Қазір кітапты оқып, көңілге тоқып қана қоймай, оқығанын әлеуметтік желіде бөлісіп отыратын жастар көп. Мәселен, Әсел Жақсылық оқыған шығармасы туралы желідегі достарына әңгімелеп беруді әдетке айналдырған. Ол Жезқазғанға қарасты Кеңгір ауылындағы орта мектепті биыл бітірді. Бойжеткен оқыған шығармасын насихаттауды 7-ші сыныпта бастаған.

Әсел Жезқазғандағы қалалық кітапханаға жиі келеді. Оқыған кітабының мазмұнын, шығармадан түйген ойы мен алған әсерін өзгелермен бөлісу қашаннан әдеті. Ал желідегі достары үшін арнайы контент әзірлейді. Айына кемінде 2 кітапты оқып тауысып, көңілге түйгенін талдап көпшілікке онлайн ұсынады.

Әсел Жақсылық, ауыл тұрғыны:

- Мен осы кітап оқу арқылы кітап оқитын орта қалыптастырдым. Сол адамдарды тапқан сәттен бастап сол кісілермен жиналып кітаптарды талқылай бастадым. Одан бөлек алыста жүрген достарымның өзі әлеуметтік желіден маған тікелей шығып, «Әсел мен мынадай мынадай кітапты оқып едім, сен де соны оқып көрші, талқылайықшы» деген идеялар келді. Қанша жерден достарың көп болса да, кітап оқитын, талқылайтын достардың болғаны өте күшті екен.

Әсел «Көркем әдебиетке қызығушылығым 7-ші сынып оқып жүргенде басталды» дейді. Алғашында оқыған кітабының мазмұнын анасына айтып берген. Кейін біртіндеп әлеуметтік желіге ауысты. Қазір ғаламтордағы достармен тығыз байланыс орнатқан. Кейде оқитын кітаптардың жанрын солардың өтініші бойынша таңдайтынын айтады.

Әсел Жақсылық, ауыл тұрғыны:

- Кітапты 100-ге не 1000-ғы жеткізуім керек деген мақсат емес, бастысы ол кітапты жан-тәнімен сүйіп, түсініп оқу. Өзімнің тарихымды, барлығы білетін, талқылай алатын ұлт зиялылары туралы кітаптарды менің де оқығым, білгім келеді.

Рабиға Төлеубаева,  кітапханашы:

- Біздің кітапханада «Мен оқыған бір кітап» жобасы бар. Сол жоба аясында осы оқырмандарымыз өздері оқыған кітаптарды насихаттап, сол кітаптан алған әсерлерімен бөліседі. Ол кітаптың өмірлеріне қалай әсер еткені жайында талқылап, айтып береді.

Қалалық кітапханада 6 мыңнан астап кітап бар. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында келушілер үшін ыңғайлы орта қалыптасқан. Коворкинг орталық пен түрлі кездесу өткізетін аумақтар жасақталған. Осының нәтижесінде руханият ордасына келушілер саны артқан. Олардың басым бөлігі әрине Әсел секілді кітапқұмар жастар.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz