«Бейнеу – Сексеуіл» бағытындағы жол Қытай мен Еуропаны жалғайтын «алтын көпірге» айналмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 800 шақырымға созылатын халықаралық автожолдың құрылысы басталғанын мәлімдеді. Аталмыш бағыт Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порттарымен тікелей байланыстырмақ.
Нәтижесінде аспан асты елінен кәрі құрлыққа дейін жүк тасымалының ұзақтығы мың шақырымға, ал жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады. «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты республикалық, аймақтық және құрлықтық деңгейдегі маңызды жол саналатындықтан, президент оны «Арал-Каспий магистралі» деп атауды ұсынды. Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр елімізде 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Осылайша, жалпы тасымал көлемі 6 пайызға артып, 37 миллион тоннаға жуықтады. Бұған қоса, биыл «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал», ал келер жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы өз мәресіне жетпек. Соңғы жылдары Қазақстанда тас жолдарды түбегейлі жаңғырту жұмысы да қарқынды түрде жүргізіліп отыр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Қарағанды – Алматы», «Орталық – Оңтүстік», «Атырау – Астрахан», «Талдықорған – Өскемен» және «Қалбатау – Майқапшағай» бағытындағы жолдар – соның айқын дәлелі.
Тегтер #Бейнеу #сексеуіл #автожол #Қытай #ЕуропаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz