Астанадағы Жошы хан көшесінде бой көтеріп жатқан көп қабатты үй жақын маңдағы тұрғындардың бас ауруына айналды.
BI Group құрылыс компаниясы артылған қалдықтарды сол объектінің жанына жиып, оны арнайы қоршауға алмаған. Салдарынан көршілес орналасқан үйлердің ішін де, сыртын да шаң басып, адамдар жаяу жүруден қалды.
Астананың мына көп қабатты тұрғын үй құрылысы жақын маңдағы жұрттың бәрін мезі қылды. Халық әсіресе мердігер компанияның салғырттығы мен салақтығына бас шайқап отыр. Жолдың қақ ортасына жинап қойған құрылыс қалдықтары қозғалысқа кедергі келтіріп, тұрғындардың тынысын тарылтты.
Гүлден Қанатбекқызы, қала тұрғыны:
- Мұнда тұрғын үйлер бар, адамдар осы үйлерде өмір сүреді. Осыны құрылыс компаниясы ескермейді ме? Олар тіпті қоқыс аумағын қоршамаған. Үйіміздің терезесін ашуға да мүмкіндік болмай қалды. 1 ай көлемінде баспанамызды шаң-тозаң басты. Балаларымыз таза ауамен тыныстаудан қалды.
Көршілер жиналып құрылысқа жауапты BI Group компаниясына бірнеше рет шағымданыпты. Әлеуметтік желілерде де осы мәселені көтерген. Алайда жауап жоқ. Қазір олар әкімдіктен араша сұрап отыр.
Гүлбану Демжанова, қала тұрғыны:
- Жошы хан көшесіндегі қоқыстарды алып тастауын әкімдіктен сұраймыз. Самал паркке барған уақытта балалармен барамыз, коляскамен жүрген кезде өте ыңғайсыз. Шаң-тозаң. Сол бір жолды жөндеп берсе.
Самал Шахратова, қала тұрғыны:
- Біз сол үйге қарайтын тереземізді де аша алмаймыз. Себебі жағымсыз иіспен қатар үйге шаң кіреді. Ал үйге қонақ беттесе, ол көшені айналып, үйіміздің басқа бұрышынан келуге мәжбүр. Себебі құрылыстан шыққан қоқыс жолдың біршамасын бөгеп тұр. Өзіміздің де қозғалысымызға кедергі етеді.
6 айдан бері жүріп жатқан құрылыс маңында абаттандыру қағидалары бұзылғаны үшін BI Group компаниясы 8 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сәйкесінше 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалады.
Айдын Есболов, Нұра ауданы ПБ табиғатты қорғау полициясының инспекторы:
- BI Group құрылыс компаниясының мердігер ұйымдары абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін ҚР ағымдағы заңнамасына сәйкес, 8 мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған құрылыс аумағы полиция қызметкерлерінің үнемі бақылауында. Қандай да бір құқық бұзушылық анықталса, ҚР заңнамасына сәйкес және қандай да бір ақпарат түскен жағдайда тиісті шаралар қолданылады. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері оқиға орнына уақытында барып, тексеріс жұмыстарын жүргізіп, құзыретіне сай шаралар қабылдайды.
Осыдан кейін мәселеге аудан басшылығы араласып, жауапты компанияға қоқысты 9 тамызға дейін алып тастауды міндеттеді.
Құралай Слямбекова, Есіл ауданы әкімінің кеңесшісі:
- Құрылыс компаниясы өзінің аумағын, құрылыс нысанын қоршауға алған. Алайда жұмыстардың негізгі бөлігі аяқталғаны себепті аталған қоршау бөлшектеліп, қалалық аумаққа қалдырылған. Осы аумақтан құрылыс материалдарын шығару туралы нұсқама берілді. Есіл ауданы әкімінің аппараты ұдайы мониторингтік шаралар жүргізіп отырады.
Тиісті сауалымызды қойып, BI Group-қа ресми хат жолдаған едік. Бізге берген жауабында мәселенің тек уақытша екені және бүгінде құрылыс қалдықтарының 90 пайызы шығарылғаны айтылған. Компания қалған қоқысты 5-ші тамызға дейін алып тастайтынын мәлімдеді.
Альмира Оразбай Мейрам Жүніс
Тегтер #BI Group #қоқыс #қалдық #көп қабатты үй #24KZ #шағымPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz