Алматыда Өскемендегі кәсіпорыннан көп тонналы титан құймасын ұрлау ісі бойынша он жылдан астам уақыт бойы іздеуде болған 63 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды 24KZ.
Ол тергеуден жасырынған соңғы фигурант болған.
Полиция мәліметінше, қылмыс 2015 жылы болған. Кәсіпорын жұмысшыларының бір тобы салмағы 9370 келі, құны 31 млн теңгеден асатын титан құймасын ұрлау схемасын жасаған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, схемаға қатысушылар күзет қызметкерлерімен келісіп, жүкті бақылау-өткізу пункті арқылы алып шыққан. Құйманы көлік шанағына орналастырып, үстін матамен жауып, жоғары жағынан технологиялық және тұрмыстық қоқыспен жасырған. Кейіннен металл қайта сатылған.
Тергеу барысында полиция схемаға қатысы бар адамдарды анықтап, ұрланған құйманы тауып, тәркіледі. Қатысушылардың көпшілігі сот алдында жауап берді, алайда бір ер адам ізін суытып үлгеріп, оған халықаралық іздеу жарияланды.
Он жылдан кейін оның жүрген жері Алматы қаласынан анықталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Одан әрі процессуалдық шешім заңда белгіленген тәртіппен қабылданады.
Тегтер #Алматы #Өскемен #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz