Астана қаласында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында мас күйінде көлік жүргізетін жүргізушілерді анықтау бойынша рейдтік шаралар жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Қалалық полиция департаментінің қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу бағытында тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Әсіресе көлікті алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде басқаратын жүргізушілерді анықтауға ерекше назар аударылып отыр.
Демалыс күндері елорда аумағында «Мас жүргізуші — қылмыскер!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейдтер ұйымдастырылады. Шараның негізгі мақсаты — жолдағы апаттылық деңгейін төмендету, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау және жүргізушілердің заң талаптарын сақтауға деген жауапкершілігін арттыру.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері көлікті мас күйінде басқарған шамамен 1000 жүргізуші жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан көлік басқарған 69 азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Кезекті заң бұзушылық фактісі өткен демалыс күндері анықталған. Патрульдік полиция қызметкерлері Audi маркалы автокөлікті тоқтатқан. Көлік тізгінінде болған 28 жастағы ер адамнан масаңдық белгілері байқалған. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, жүргізуші жеңіл дәрежелі алкогольдік масаң күйде болған.
Сот шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.
Полиция көлік құралын мас күйінде басқару — жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың бірі екенін еске салады. Мұндай әрекет жүргізушінің ғана емес, жолдағы барлық азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіреді.
Тегтер #полиция #мас жүргізуші #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz